Жаңа Конституция жобасы – қоғамның құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын құжат. Уақыт талабына сай жаңарған ортақ келісім әралуан топтың мүддесін толық ескерді. «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» форумында бас қосқан сарапшылар тобы осылай дейді. Орнықты мемлекеттің архитектурасы қандай болады? Болашақтың басты капиталы қайсы? Ауқымды талқылаудың тоқетер түйінін Айсәуле Съезбек айтсын.
Жаңа Конституция жобасындағы басты өзгерістің бірі Конституциялық Соттың құрылуымен байланысты. Бұл орган еліміздің құқықтық егемендігінің басты қорғанына айналмақ. Енді кез келген халықаралық келісімге қол қоймас бұрын немесе ол бекітілгеннен кейін, құжаттың Ата Заңға сәйкестігі жіті тексеріледі. Егер халықаралық шарттың қандай да бір нормасы Қазақстан Конституциясына қайшы келсе, ол біздің аумақта заңдық күшіне ие болмайды. Осылайша, «мемлекет ішіндегі Ата Заң кез келген сыртқы құжаттан жоғары» деген темірдей принцип бекітілмек.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Конституциялық сот мынадай келісім-шарттың белгілі бір баптары біздің заңға қайшы басқа деп табатын болса, ондай келісім-шарттар қабылданбайды, ратификацияланбайды. Немесе Қазақстан өзіне тиімді ғана баптарға қосылып, тиімсіз баптардан шығатын мүмкіндіктерді қарастырып отырмыз. 15-сі күні референдум қабылданатын болса, Парламентте келісім-шарттар туралы, халықаралық қатынастар туралы бүкіл заңнама өзгеріске түседі. Соның ішінде нақтыланады деп отырмыз.
2012 жылдан бергі зерттеу жастар үшін басты үш құндылық – отбасы, денсаулық және даму мүмкіндігі екенін айқындаған. Сарапшылар ел жастарының 86 проценті Қазақстанның білім саласына көңілі толады деген қорытындыға келіп отыр. Жаңа заңдық база тек саяси өзгерістерге ғана емес, елдің технологиялық және интеллектуалдық серпілісіне де жол ашуы тиіс дейді.
ҒАЗИЗ ӘБІШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Конституция қазақстандық жастар үшін өте маңызды. Өйткені алдағы онжылдықтарда дәл осы жас буын жаңа заң белгілеп берген конституциялық шеңберде өз өмірін құрады. Әр азаматқа осы процеске тікелей қатысу, бюллетеньдерді өз қолымен ұстап, барлық түзетулерді алдын ала зерделеп, өз бетінше шешім қабылдау ұсынылып отыр. Жастар мемлекет тағдырын өз қолдарына алып, бүгін шешім қабылдап үйренуі тиіс.
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнамаға сүйенсек, азаматтардың 80 проценті алдағы референдум туралы құлағдар.
ЖҰЛДЫЗАЙ ЫСҚАҚОВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай ауқымды әрі ашық үгіт-насихат жұмысы жүргізілмеген деп ашық айта аламын. Жаңа конституция жобасы ортақ келісім негізінде жазылған құжат. Онда қоғамның дамуына кедергі келтіретін бірде-бір факт жоқ. Мемлекеттің жаңа басым бағыттары белгіленді. Комиссия құрамындағы 130 адам қоғамның түрлі топтарының көңілінен шығатын ортақ құжат әзірлеуге тырысты. Енді халық азаматтық құқығы мен міндетін орындап, сауатты таңдау жасайды деп сенемін.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттен», «халық өзі шешім қабылдайтын мемлекетке» көшуге жол ашық. Жалпыхалықтық референдумға санаулы күн қалды. Ендігі кезек – қазақстандықтардың талқысы мен таңдауында.