Мәслихаттар толық цифрлық мемлекет құру мәселесіне белсенді атсалысуы қажет. Президент форумда осылай деді.
«Тағы бір мәселе – толық цифрлық мемлекет құру. Бұл мақсаттың еліміз үшін маңыздылығын жақсы білесіздер. Мәслихаттар бұл үдерістен тыс қалмауға тиіс.
Озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына енгізу стратегиялық маңызы бар мақсатқа айналды. Еліміздің жарқын болашағы осы мақсаттың табысты іске асуына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда, мәслихаттардың осы жұмысқа белсенді атсалысқаны абзал.
Сондай-ақ депутаттардың кәсіби білігін арттырып, цифрлық құзыретін кеңейту өте маңызды, онсыз істелген жұмыстың бәрі бос болмақ. Бұл шаруамен Мемлекеттік басқару академиясы белсенді және тиімді түрде айналысуға тиіс. Менің білуімше, таяу арада нәтижелер де белгілі болмақ.
Бүгінге дейін 1200-ге жуық депутат арнайы оқу курсына шақырылып, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Енді биыл басталған AI Governance 500 бағдарламасының аясында облыстық мәслихаттардың аппарат басшыларын оқыту қажет.
Жалпы, елімізде жасалып жатқан цифрлық өзгерістер орталық пен аймақтар арасындағы алшақтықты мейлінше азайтуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.