Әлемдегі аса күрделі ахуалға қарамастан, ұлттық стратегиямызды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында осылай деді.
«Осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын. Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек.
Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды.
Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын.
Әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындауымыз керек. Ал ол жақсы жаққа өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Оған өркениет болашақта жауап береді. Бірақ Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға қақысы жоқ.
Егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет.
Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады.
Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет», – деді Президент.