Павлодар облысындағы қыс – тек табиғаттың әсем көрінісі ғана емес, сонымен бірге үлкен сынақ. Көріну қашықтығы нөлге дейін төмендеп, ауа температурасы күрт суыған кезде жолда қалған жүргізушілер үшін жалғыз үміт – патрульдік полиция экипаждары.
Мұндай оқиғалардың әрқайсысы – тәртіп сақшыларының жедел әрі батыл әрекетінің арқасында алдын алынған қайғылы жағдайлардың бірі. Курьер Темірлан бірнеше сағат бойы қар құрсауында қалған. Ақтоғай ауданындағы кезекті жұмыс сапары қайғылы жағдаймен аяқталуға шақ қалған. Атамекен – Ақтоғай –Ертіс автожолының Ақтоғай ауылы маңында қатты боран соққан.
— Бағдарымды жоғалтып алдым, көлігімді қар үйіндісі жолдан шығарып жіберді. Қозғалтқыш өшіп қалды. Газды басқан сайын көлік одан әрі қарға батып кетті. Телефонымның қуаты таусылды. Айналам – аппақ кеңістік пен ызғарлы жел. Суық салонда бірнеше сағат отырдым, — деп еске алады жүргізуші.
Көріну қашықтығы нөлге тең жағдайда далада қалған көлікті табу оңай емес. Дегенмен автожолды патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Қуаныш Қабдрахманов пен Азамат Абдрахманов жүргізушіге көмекке келді.
— Көліктің жарығын көрген сәтте аман қалатынымды түсіндім. Мен адамдарды бұрын-соңды бұлай көргеніме қуанған емеспін. Жігіттер тек қызметін атқарып қана қойған жоқ, мені отбасыма аман жеткізді. Қазы – Баймолдино автожолында боранда қалған маған көмек көрсеткен Аққулы ауданының учаскелік инспекторлары Жұмажан Күнанбаев пен Келдібек Байсалға үлкен алғысымды білдіремін, — дейді жүргізуші Егор Глинский.
Полицейлер қар құрсауында қалған көліктерді жүргізушілердің үміті үзілер шақта анықтаған. Олар жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, адамдарды жылытып, өз қорларынан жанармай құйып беріп, көліктерді тазартылған жол бөлігіне шығарып берген. Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, боран күшейген кезде автожолдарға қосымша нарядтар шығарылады. Полицейлер тәулік бойы қызмет атқарады. Қозғалыс шектелген жағдайда патрульдік көліктер ондаған жүк және жеңіл автокөлікті бастап, қауіпсіз учаскелерге дейін алып жүреді. Қажет болған жағдайда адамдарды эвакуациялап, жылыту пункттеріне жеткізеді. Сонымен қатар техникалық көмек көрсетеді: дөңгелек ауыстырудан бастап жанармай жеткізуге дейін. Өңір полициясында азаматтарды құтқару – қызметтік міндет екені атап өтіледі. Алайда әрбір қысқа ақпараттың артында аязды күндері сағаттап жол үстінде еңбек ететін, біреудің әкесі, жары немесе ұлы аман-есен үйіне оралуы үшін жан аямай қызмет ететін тәртіп сақшыларының еңбегі тұр. Павлодар облысы полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында өңір жолдары ең қатты боранның өзінде бақылауда.