$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елордада көпқабатты үйдің қабырғасы опырылды

AstanaTV
12.03.2026ж. 19:00
Елордада көпқабатты үйдің қабырғасы опырылды

Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Қатты желдің әсерінен ғимараттың қасбетіне орнатылған жылу оқшаулағыш қабат ажырап кеткен.  Абырой болғанда, ғимарат маңында ешкім болмаған, зардап шеккендер жоқ.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Көріп тұрғандарыңыздай, үйдің бір қабырғасы дерлік ашылып қалған. Металл бекіткіштері сыртқа шығып, ал кей тұстарында қаптаманың қалдықтары салбырап тұр. Құлаған бөліктер ғимараттың түбіне түскен. Үйдің айналасында бетон сынықтары мен жылу оқшаулауға арналған плиталар шашылып жатыр.

«Айка» тұрғын үй кешені 2015 жылы пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарын «Алматыгорстрой» компаниясы жүргізіпті. Бұл-бірінші жағдай емес, бұған дейін де олқылықтар анықталған. Бірақ, келісімшарт бойынша кепілдік мерзімі 10 жыл болғандықтан, мердігерлер жауапкершіліктен бас тартып отыр.

ӘСЕЛ ДҮКЕНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алдыңғы жылдан бері осы мәселе қозғалған. КСК, ОСИ қызметкерлеріне де айтылды. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Біз осының алдыңғы жылы жөндеу жұмыстарын өткізгенбіз. Тұрғын үй басқармасына мәселенің бәрін айттық. Өкінішке орай бізге ешқандай көмек берілмейді. Оны өзіміздің есебімізден жөндейміз деп айтты.

ГАЛИНА ЛАГЛИНЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екі күннің ішінде фасад толықтай құлап түсті. Әрине, мұндай жағдайда өмір сүру өте қиын. Біздің аулада балалар көп. Қазір тұрғындарға пәтерлерінде отырудың өзі қиын болып тұр. Катастрофа деуге болады. Өйткені жел соғып тұр, қабырғалар толық қорғалмаған.

Қасбеттің бүлінуі тек қауіп төндіріп қоймай, пәтерлердің жылуына да әсер еткен. Жұртшылық жөндеу жұмыстарын тездетіп бастағысы келеді. Олар қалалық әкімдікке шағымданған.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ:

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес көпқабатты үйдің қасбеті мен басқа да ортақ мүлікке пәтер иелері жауапты. Сондықтан олар кондоминиум мүлкін күтіп-ұстау және жөндеу шығындарын өздері көтеруі тиіс. Қазіргі уақытта тұрғындар қасбетті қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарының құнын есептеп, өнеркәсіптік альпинистерді жалдау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Инспекция мәліметінше, нысанның кепілдік мерзімі аяқталған соң, барлық жауапкершілік пәтер иелеріне жүктеледі. Тұрғындар құрылыс шығындарын өз қалталарынан төлеуге мәжбүр. Ал әзірге ғимарат маңы қауіпті болып қала бермек.