Атырауда апатты үй тұрғындары көшіруді талап етті. Қаланың қақ ортасындағы баспана осыдан 70 жыл бұрын салынған. Қамыстан соғылған екі қабатты ғимараттың іргетасы шөгіп, қирауға шақ тұр. Ал пәтер ішіне бас сұғу тіпті мүмкін емес. Апатты деп танылғанына 15 жыл болған ескі баспана неге бұзылмай тұр? Тілшіміз баяндасын.
Көпбалалы Элмира Ділмұқанова өз үйінен безіп кеткен. Қабырғалар қайта-қайта көгеріп, егеуқұйрық пен тышқан тыным бермеген соң соң көшуіме тура келді,-дейді. Енді ерекше қызын оңалту үшін емдеу мекемелеріне қала сыртынан тасымалдауға мәжбүр.
ЭЛМИРА ДІЛМҰҚАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Неге 6 баламен осы үйде тұрмасқа? Ерекше баламды былай-былай тасимын оңалтуға. Қаңғып жүремін далада. Дамбыдан бері қарай әрең келіп жүрмін. Маған қиын өте. Егеуқұйрық түнде шығып, балаларға жүгіреді.
ЮЛЯ ЛЫСЯК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осы үйден өзіміз де, балаларымыз да өсіп-өнді. Ата-анамыз жаңа үйді армандап жүріп, бұл өмірден өтіп кетті. 2012 жылдан бері көшіреміз деп уәде беріп келеді. Әкімге бірнеше рет бардым. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына 2 рет құжат жинап тапсырдық. Инвестор келіп, осы жерден жаңа үй салады деген. Әлі жоқ. Бұл үй жөндеуге келмейді. Бұзып кері салу керек. Қасымыздағы 3 үйді көшірді. Біз әлі тұрмыз.
Ескі үй, қираған баспалдақ, жұлым-жұлым электр желілерін айтпағанда, сыз бен кәріз иісі қолқаны қабатын пәтер ішіне бас сұғу мүмкін емес. Қысы-жазы шатырдан жаңбыр суы ағып, кәріз желісі әлсін-әлсін істен шығады. Тұрғындар ақша жинап, жамап-жасқағанымызбен түк өнбеді,- деп өкпелі.
НҰРГҮЛ ТҮСІПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осы жерден инвесторларға беріп, жеке тұрғын үй салатындай етіп, біздерге сол жаңа үйден беретіндей етіп әкімдер уәде етті. Оның уәде еткеніне де 3 жылдың үстіне шықты. Қазір тұру мүмкін емес бұның ішіне. Үйдің ішінен крыса шығады. Төбесінен су кетеді. Астынан тұрба жарылады. Оны өзіміз ақша жинап тазартып, әлсін әлсін ай сайын жинап отырмыз.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар инвесторлармен өздері келісімге келуі керек. Олай болмаған жағдайда, апатты үйлерді жол картасына енгізіп, көшіру мәселесін өздері қолға алады,.
ГҮЛЖАМАЛ ЖОЛДАСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
2024 жылы тұрғындардың ішінен бір адамды сайлап, ол кісі келіп, қолдарынан келісім барлығы алынып, дайын тұр. Қорытындысы бар апатты деп танылған. Енді алдағы «Жол картасына» өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл үйлерді де қосамыз сол Жол картасына қосамыз, сосын көшірудің мәселесін шешеміз.
Қазір қалада 90 апатты үй бар. Оларды кезекпен көшіру үшін биыл 75 пәтер сатып алу жоспарланған. Ол үшін 3 млрд 500 млн қаражат бөлінген.