$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Абай облысында полицейлер қолайсыз ауа райында көлігі суға батқан жүргізушіге көмектесті

13.03.2026ж. 08:36
Абай облысында полицейлер қолайсыз ауа райында көлігі суға батқан жүргізушіге көмектесті
Polisia.kz

Абай облысында полицейлер қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып қана қоймай, қиын жағдайда қалған азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Осындай жағдайлардың бірі 11 наурыз күні болды. Сол күні қала тұрғыны үйіне қайтып бара жатқан кезде жолдағы еріп жатқан қар суының салдарынан оның көлігі қар суына батып, әрі қарай қозғала алмай қалған. Көлік тізгінінде әйел адам болған. Күтпеген жағдайға тап болған жүргізуші не істерін білмей, өтіп бара жатқан азаматтардан көмек сұрауға мәжбүр болған. Сонымен қатар жақын маңда қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне хабар беруді өтінген.

Хабар түскен бойда Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының аға инспекторлары - Нұрбол Бузаубаев пен Нұрдәулет Есімханов жедел түрде оқиға орнына жетті. Полицейлер алдымен жағдайды мұқият бағалап, көліктің өздігінен қозғала алмайтынын анықтады. Қызметкерлер тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, көлікті патрульдік автокөлікке арқанмен байлап, оны судан сүйреп шығару арқылы жүргізушіге көмек көрсетті. Нәтижесінде көлік қауіпсіз жерге шығарылып, жүргізуші жолын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Аталған жағдай полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар қиындыққа тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Қала тұрғыны да полицейлердің жедел әрекетіне және көрсеткен көмегіне шынайы ризашылығын білдірді.

- Осындай қиын жағдайда маған бірден көмекке келген полиция қызметкерлеріне үлкен алғысымды айтқым келеді. Олар өте жылдам жетіп, мәселені кәсіби түрде шешіп берді. Осындай қамқор әрі жауапты полицейлердің бар екеніне қуаныштымын. Еңбектеріңізге табыс, қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! — деп алғысын жеткізді қала тұрғыны.

Абай облысында полицейлер кез-келген жағдайда азаматтардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету жолында тәулік бойы қызмет атқаруда.