Павлодарда 8 жасар қыз бала өзін «жетімдер үйіне» жіберуді сұрап, шағым жасады. Оқушының айтуынша, ол әкесінің қатыгездігінен қорқатынын айтқан. Әкесі ішіп келіп, үнемі ұрып соғатын көрінеді. Онымен қоймай, жақында қызын үйінен қуып шығып, далада қалдырған. Баланы көршілері байқап, оған көмек қолын созыпты. Дереу полиция шақырып, істі құзырлы органдарға тапсырған.
СӘУЛЕ ШӘКЕНОВА, БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК УӘКІЛ:
Баланың сөзінше, әкесі оны үнемі ұратын көрінеді. Тіпті, дрыс тамақ та ішпейді екен. Көршілер бірігіп ақша жинап, оған киім, тамақ алып берген. Сол себепті бала мені балалар үйіне алып кетіңізші деп өтінді. Жағдайын көріп аяп кеттім.
Қазір бала ауруханада. Дәрігерлер оның денсаулық жағдайын тексерді. Жағдайы жақсарған соң уақытша тұру үшін Балаларды қолдау орталығына жібермек. Ал әкесі бұған дейін де баласын ұрып соққаны үшін істі болыпты. 2 жыл бұрын да қызының басын телефонмен ұрып, айыппұлмен құтылған екен. Отбасындағы қатыгездікке шыдамаған осы үйдің 12 жастағы үлкен баласы да қазір «Жетімдер үйін» паналауда. Ал балалардың анасы былтыр қайтыс болған.
СВЕТЛАНА ГЛАДЫШЕВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кеше кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия баланың 2 ай бойы балаларды қолдау орталығында болатыны туралы шешім шығарды. Ал заңды өкілі, әкесіне қатысты іс сотқа жолданды. Баласына дұрыс қарамағаны үшін оны ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралатын болады.