$541.34 €640.73 ₽6.53
×

1,5 жасқа дейін берілетін жәрдемақының мерзімі ұзартылатыны рас па?

13.03.2026ж. 19:00
1,5 жасқа дейін берілетін жәрдемақының мерзімі ұзартылатыны рас па?

Декреттегі аналарға құқаққағыс! Енді балаңыз 1,5 жасқа толғаннан кейін де төлем алуды жалғастыра аласыз. Мемлекет жұмыс істемесең де «жалақы» беруге міндетті. Әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарады. Мұны естіген тұрғындар жөргекпұл уақыты ұзартылды деп сүйіншілетіп жүр. Бұл шын ба? Қолына күрек ұстамағандардың күректеп қаражат тауып жатқаны рас па?  Аружан Задабек тақырыпты зерттеді.

“Ақша қолдың кірі” десе де, тегін асқа тік қасық болғысы келетіндер көп. Мемлекет жұмыссыздарға тегін ақша таратады дегеннен кейін қызметтен өз еркімен кететіндер жиілеген еді. Енді декреттегі аналарға осындай мүмкіндік бар деген сыбыс шықты. Тер төкпей теңге табуға болады деген ақпарат кімге ұнамасын? Жүгіріп жеткеннен жатып алған артық деген аналар балалары 1,5 жасқа тола сала осы төлемді алуға ағылып жатыр. Интернетті иіріп отырғандарға шай-пұлымды берсең, өтінішіңді жазып, құжатыңды жөндеп береміз деп уәде беріп жүр.

БЛИЦ:

- Баланың жәрдемақысы біткен соң жұмыссыздық дәрдемақысымен жалғастыруға болатынын білетіндер бар ма? ИП-мен декретке шыққандарға күшті түседі.

- «1,5 жасқа дейінгі жәрдемақы біткеннен кейін тағы 6 айға ұзартып бере аласыз ба?» деген сұрақ көп келіп жатыр. 1,5 жас жәрдемақысы 1 жас 6 айында тоқтайды. Одан кейін жұмыссыздық жәрдемақысын тапсыра аласыздар!

Яғни, «желідегі заңгерлер» декреттегі аналарға тағы 6 ай мемлекеттен ақша алып отырасыз деп сендіреді. Ол үшін мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді ұсынады. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл «схеманың» заңсыз екенін айтты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Ал жұмыссыздық мәртебесі тек нақты іс іздеп жүрген тұрғындарға беріледі.

ГҮЛБАҒИЛА БОЛАТБЕКОВА, "МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ" АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Еңбек Кодексінің 100-бабына сәйкес жұмыс істеген әйелдерде жұмыс орнынан үш жылға дейін жұмысы сақталады. Олар жұмыс орнынан ақысыз демалысқа кетеді. Егер 1,5 жасқа дейін ақысыз демалыста болса, бізден соңғы 2 жылдағы орташа кісірінің 40 пайызын алып отырады. Одан кейін 3 жасқа дейін ақысыз демалыста отырса, ол жұмыссыз деп тіркеле алмайды.

Былтыр 12 өңірінде алаяқтық фактісі бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Бес өңірде 7 сот үкімі шығарылды. Айыпталғандардың бәрі желі арқылы жалған ақпарат таратып, азаматтарды алдап соққан. Десе де, заңгерлер мұндай заңбұзушылықты дәлелдеу қиын дейді. Өйткені...

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Азамат біле тұра жалған мәміле жасайтын болса, сот азаматтың құқықтарын қорғаудан бас тартуы мүмкін деген заң бар.

Қазақта «Айла білген кісілер, көзіңді байлап алдайды» деген мақал бар. Әзірге айлакерлерді ұстау қиын. Өйткені олар заңсыз әрекеті әшкере болмауы үшін түрлі тәсілді пайдаланады. Әркімнің жеке кәсіпкерлік құжатын жалға алып, қолданады. Бұл - бір. Екіншіден, ресми жұмыс орны сақталған аналарға жалған ақпарат беріп, жәрдемақы алуы үшін бар қызметінен айыруы мүмкін.