$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда «Жамбылдың жыры, Динаның күйі» атты концерт өтті

14.03.2026ж. 20:00
Алматыда «Жамбылдың жыры, Динаның күйі» атты концерт өтті

Алматыда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына және Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Жамбылдың жыры, Динаның күйі» атты шығармашылық концерт өтті.

Іс-шараны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұйымдастырды. Кеш бағдарламасында Жамбыл Жабаевтың жырлары мен әндері, сондай-ақ Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұрасынан күйлер орындалды. Концерт қазақтың дәстүрлі өнеріндегі сабақтастықты, поэзия мен күй өнерінің біртұтас рухани үндестігін айқын көрсетті.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивімен бірлесіп, қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды.

Келушілер назарына сирек кездесетін архивтік фотосуреттер мен тарихи құжаттар ұсынылды.

Концертке Қазақстанның халық әртістері Рамазан Стамғазиев пен Айгүл Үлкенбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Ақжолова, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Мөлдір Қойысова мен Шаттық Уатқан қатысты.