Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдумда дауыс берді. Ол өз таңдауын Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан дауыс беру учаскесінде жасады. Сенат спикері референдумның тарихи маңызына тоқталып, әрбір дауыс елдің болашақ даму бағытын айқындауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Биліктің бастауы – халық. Сондықтан референдумға қатысып, дауыс беру – әр қазақстандық үшін өз құқығын жүзеге асырып, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға үлес қосатын үлкен мүмкіндік бар.
Саяси науқанға қатысу – ел болашағы үшін маңызды қадам. Өз таңдауын жасаған Мәжіліс төрағасы, "AMANAT" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мен ойлаймын бүгін бүкіл біздің қазақстандықтардың көңіл-күйі өте жақсы деп. Себебі бүгін тарихи күн. Біз еліміздің, халқымыздың болашағын бүгін айқындап жатырмыз. 15 наурыз біздің осы қазақстанның тарихындағы бір ерекше орын алатын тарихи күн болады болашақта деп мен ойлаймын.
Премьер-Министр Олжас Бектенов те өз таңдауын жасады. Үкімет басшысы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде орналасқан №130 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ал Ерлан Қарин Ұлттық академиялық кітапханаға барып, алғашқылардың бірі болып таңдау жасады. Мемлекеттік кеңесші тарихи күннің маңыздылығына тоқталды.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Референдум нәтижесінде ел азаматтары Қазақстанның болашағын айқындайтын болады, себебі бүгінгі күні қабылданған шешімге сәйкес, біз қандай қоғамда өмір сүреміз, осы мәселе төңірегінде маңызды шешім қабылданатын болады.