$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Әр дауыс беруші өзінің азаматтық ұстанымын білдіруде

AstanaTV
15.03.2026ж. 13:00
Әр дауыс беруші өзінің азаматтық ұстанымын білдіруде

Таңсәріден дауыс беру учаскелеріне ағылғандардың қарасы қалың.   Мұндай   саяси науқанда халықтың белсенді болуы мемлекет дамуы үшін маңызды дейді олар.

Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы №129 референдум учаскесіне барып, дауыс берді.   Бүгінгі күннің  ел болашағы үшін маңызын және оның әр адамға өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Қазіргі жаһандық дәуірде, қазіргі гео-саяси өте тұрақсыз дәуірде біз өзіміздің құндылықтарымызды, өзіміздің басымдықтарымызды айқындаймыз. Таңертеңнен бастап үлкен белсенділікті көрсетіп отыр қазақстандықтарымыз. Ол дегеніміз оның саяси жаңағы көзқарасының пайда болып, ашық қоғам пайда болғанының жарқын көрінісі деп ойламын.

Елордадағы №130 дауыс беру учаскесіне алғашқы боп келгендердің бірі -Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Бүгін еліміз үшін өте маңызды және тарихи күндердің бірі деп санауға болады. Мен де Конституциялық құқығымды пайдалана отырып осы референдум учаскісіне келіп, өз таңдауымды жасадым.

Мәжіліс депутаттары да  белсенділік танытуда. Олар бұл науқанның ел болашағы үшін стратегиялық маңызы зор дейді. 

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін біз тағдыр шешті шешім қабылдап жатырмыз. Мемлекеттің болашақ бағдарын анықтап жатырмыз. Болашақ ұрпақтарымыз үшін олардың қалауына, олардың дамуына мүмкіндік жасайтын құжатты қабылдап жатырмыз.

Облыс әкімдері де түске дейін өз таңдауын жасаған. Қызылордада 378 учаске жұмыс істеп тұр. Ұлттық нақышта безендірілген дауыс беру орнында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев халықпен бірге дауыс берді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те  өз таңдауын жасады. Мегаполисте 369 референдум комиссиясы жұмыс істеп тұр.  Ақтөбе әкімі де түске дейін өзінің дауыс беру учаскесіне келіп, азаматтық ұстанымын білдірді.

АСХАТ ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:            

Өңірімізде барлық учаскелер өз жұмысын бастап кеттік және де белсенділік өте жақсы деңгейде байқалады. Демек өңірімізде мына жауапкершілік тұрғындар тарапынан өте жоғары деп айтуға болады.

Ал Қызылжарда студенттер ерекше белсенді.  Манаш Қозыбаев атындағы университетте үш бірдей учаске жұмыс істеп тұр.  

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Бүгін -біз үшін тарихи күн. Мен алғашқылардың бірі болып дауыс бердім. Бүгін менің ұлым да референдумға алғаш рет қатысып отыр.

Еліміздің барлық өңірінде дауыс беру барысы талапқа сай өтуде.   Учаскелерде заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.