$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Референдум - әр қазақстандық үшін маңызды сәт" - Ә. Ахметов

AstanaTV
15.03.2026ж. 20:00
"Референдум - әр қазақстандық үшін маңызды сәт" - Ә. Ахметов

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Әділ Ахметов те саяси науқаннан сырт қалмады. Ол елордадағы Жастар театрындағы референдум учаскесінде дауыс берді. Өнер иесі бүгінгі өзгерістерді бабалар салған заң жолының заңды жалғасы деп есептейді.

Көктемнің шуақты күнімен тұспа-тұс келген 15 наурыз - ел шежіресіндегі елеулі белес. Бүгін сайлау учаскелеріндегі халықтың белсенділігі жоғары. Олардың қатарында елге танымал өнер майталмандары да бар. Танымал актер Әділ Ахметов те өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді.

ӘДІЛ АХМЕТОВ, АКТЕР:

Даусымызды беріп шығып келе жатырмыз. Әрине, әр қазақстандық үшін бұл өте маңызды. Мен тарихи сәт деп есептеймін.

Актердің айтуынша, бұл жай дауыс беру емес, бұл - мемлекеттіліктің нығаюы. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ баласы қай заманда да әділдік пен жүйелі заңға арқа сүйеген. Сондықтан бүгінгі референдумды бабалар жолының заңды жалғасы, уақыт талабына сай жаңғыруы деуге толық негіз бар дейді.

ӘДІЛ АХМЕТОВ, АКТЕР:

Сонау қазақ хандығынан бастау алсақ, "Қасым ханның қасқа жолы" дейміз, Еісм ханның ескі жолы деп жатамыз, Тәуке ханның "Жеті жарғысы" бар. Одан бергі егемендіктен бергі біздің Ата Заңымыз бар, мінекей, әр өз уақытысымен барлық дүние жаңғырып отырады. Бұл заңдылық деп есептеймін.

Ата Заңға енгізілетін өзгерістер - Әділетті Қазақстанды құрудың басты кепілі. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауы арқылы мемлекеттің жаңа сипатын қалыптастыруға атсалысады.