Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында орналасқан №245 учаскеге «JanaMen» жобасының мүшелері жиналды. Өзгерісті өз өмірінен бастағандар топ жетекшісі, белсенді Айтым Жақыповпен бірге келіп, ел болашағы үшін таңдау жасады. Олардың қатарында тағдыр сынағына мойымай, азаматтық ұстанымын білдірген жандар бар. Жоба қатысушылары өз өмірлеріндегі оң өзгерістер секілді, еліміздің де жарқын болашағы үшін әрбір дауыс маңызды дейді.
Жақсылық жасап желінің жұлдызына айналған, "JanaMen" жобасының жетекшісі Айтым Жақыпов дауыс беру учаскесіне келіп таңдауын жасады. Онымен бірге артық салмақтан арылып жүрген 1 топ қыз -жігіт те еріп келді. Елдің ертеңіне әсер ететін саяси науқанға атсалысты.
АЙТЫМ ЖАҚЫПОВ, "JANAMEN" ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазіргі таңда дүниежүзіндегі қарқынды дамуды бәріміз көріп отырмыз. Біз де өркениетпен тең қадам басу үшін бұл бастамаға демеу болуымыз қажет. Барлық жоспардың негізі келешек ұрпақтың тағдырына тікелей байланысты. Осы орайда, референдумға қатысып, таңдау жасауды өзімнің басты міндетім деп есептеймін.
«Жаңамен» жобасына қатысып, өмір салтын өзгертуге бел буған қостанайлық Иван- қос жанарынан айырылса да, ерік-жігері мықты азамат саяси науқаннан шет қалмауды өзінің борышы деп біледі.
ИВАН ТАРАН, "JANAMEN" ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:
Референдум жайлы ойымды айтсам, бұл жасалып жатқан саяси әрі тарихи қадамдардың ешқайсысы босқа жасалып жатқан жоқ деп есептеймін. Бұл ел дамуының жаңа белесі, ертеңгі күнге деген нық сенім.
Осылайша, «жаңа өмірді» бетке алған азаматтар ел тарихының жаңа парағын жазуға біркісідей атсалысты. Бұл – бірінші кезекте, еліміздің, балаларымыздың және болашағымыздың игілігі үшін жасалған қадам дейді олар.