Спортшылар да саяси науқаннан шет қалмады. Ел тағдыры үшін аса маңызды күні дауыс берді. Кейбір спортшылар, өздері ғана емес, бапкерлері мен менеджерлерін де референдумда дауыс беруге ертіп келген.
Василий Тахтай - ережесіз жекпе-жек шебері. Панкратион, Джиу-джитсу және аралас стильдерде Әлем чемпионы атанған. Айтуынша, шетелде көк туды желбіретіп жүргенімен Азаматтық борышы мұнымен шектеліп қалмайды. Сондықтан, «Астана Опера» театрында орналасқан №228 референдум учаскесінде дауыс берді.
ВАСИЛИЙ ТАХТАЙ, ММА-ДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:
Референдумға келіп, дауыс беру – бұл міндет емес, мен үшін ең алдымен үлкен жауапкершілік. Республика азаматы ретінде еліміздің тағдырына бей-жай қарамайтын адам ретінде мен ішкі дайындықпен келдім. Мен Жаңа Конституция жобасымен мұқият таныстым, оны ашық түрде қарап, саралап, өз таңдауымды жасадым. Спорттағы сияқты, өмірде де нәтиже тек өз әрекетіңе байланысты.
Елордалықтар да саяси науқанға бей-жай қарамай, белсенді атсалысты. Тұрғындардың пайымынша, бүгінгі таңдау- келер ұрпақтың жарқын болашағы мен елдегі оң өзгерістердің бастауы.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осы жерге келіп, өз таңдауымды жасағаныма өте қуаныштымын. Өйткені бүгін біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы өз қолымызда екенін сезінеміз. Қазіргі таңда біз Қазақстанның негізгі Заңы Конституцияға дауыс беріп жатырмыз. Егер бүгін азаматтық жауапкершілігімізді дұрыс көрсетсек, ол ертеңгі ұрпақтың бақытты өміріне тікелей әсер етеді.
Бүгін әрбір қазақстандық ел тарихының жаңа парағын жазуға атсалысуда. Бюллетеньдегі маңызды сұраққа жауап беру арқылы мемлекеттің алдағы даму бағдары айқындалмақ.