Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Нью-Йоркте Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді

AstanaTV
18.01.2018ж. 20:00
2620
Нью-Йоркте Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді

Бір сағаттан соң Нью-Йоркте Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Тақырып: Жаппай қырып-жою қаруын таратуға тыйым салу. Қазақстан осы айда Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып сайланды. Және бірінші рет Кеңестің тұрақты емес өкілі болып отыр. Бұл ядролық қарусыз әлем құруға атсалысқан талай жылдық еңбектің жемісі. Ал бүгін ресми Астана БҰҰ-на мүше мемлекеттерді ұйымның жүз жылдығына орай, яғни 2045 жылы әлемді тұтас ядролық қарудан азат етуге шақырады. Тағы бір маңызды тақырып - Ауғанстандағы ахуал. Бұл ретте "Астана Кодексі" ұсынылады. Сондай-ақ, бүгін күндіз президент бірқатар маңызды кездесулер өткізді. «ExxonMobil», «Goldman Sachs» компаниялары басшыларымен жүздесті. Және «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесті. Аталған компания Америкадағы үш ірі қор биржасаның бірі саналады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жөніндегі шешімдеріңізді қолдаймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қатысушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз.

Келіссөз барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді байланыстарды орнатудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев А.Фридманды «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылу рәсіміне шақырды.

Адина Фридман, «NASDAQ» компаниясының президенті:

Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі жоспарларға өте тәнті болдық. Қаржы орталығының жұмысына қатысты барлық мәселенің жан-жақты қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Бұл жұмыстың тыңғылықты атқарылғанына ризамыз.