$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Референдум барысында заң бұзушылық болған жоқ

Референдум барысында заң бұзушылық болған жоқ

«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде референдумның өту барысын бақылады. Бұл тәуелсіз ұйым 18 мыңнан астам байқаушыны дайындап, қатарға қосты. Коалицияның негізгі мақсаты – дауыс беру учаскелеріндегі жұмыстың жүйелі жүргізілуін, заң талаптарының сақталуын, сондай-ақ ашықтық пен айқындықтың қамтамасыз етілуін қадағалау.  Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай тәуелсіз қоғамдық бақылау азаматтардың сайлау және референдум процестеріне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. 

ТӨЛЕГЕН КҮНӘДІЛОВ, «ДАУЫС» ҚОҒАМДЫҚ БАЙҚАУШЫЛАР КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Таңғы сағат 6 бастап, еліміздегі 9779 ашық дауыс беру учаскелерінде біздің байқаушыларымыз тіркеуден өтіп, өз жұмыстарын атқарып келе жатыр. Дауыс беру үрдісін, 20:00-де жабылғаннан кейін бюллетеньдерді санау үрдісіне қазір де қатысып, толыққанды жұмыстарын атқарып жатыр. Әрбір өңірде біздің ахуалды біліп отыратын нақты уақыт режимінде біліп отыратын ахуалдық орталықтарымыз жұмыс істеді. Тікелей әрбір дауыс беру учаскесіндегі байқаушымен хабарласып, мән-жайды біліп отырамыз.

Түркістан облысында 947 референдум учаскесі жұмыс істеді.  Өңірдегі саяси науқанға барлығы 6 мыңнан астам комиссия мүшесі тартылған. Ал байқаушылар дауыс беру процесінің талапқа сай өтуіне назар аударды.  

ҚАЙРАТ БЕРДІҚҰЛОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Референдум учаскесінің барлығында мүгедектігі бар азаматтарға толық жағдай жасалған. Небір креативті, позитивті түйемен келу мәселесі, әртүрлі киімдер киіп, әскери формамен, дәрігерлер медицина формаларымен келіп, дауыс беруді көңілді және жан-жақты өткізуге халық белсенділігі жоғары деп ойлаймын.