$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алдын ала нәтиже: Референдумқа қатысқандардың 87,15% жаңа Конституцияны қолдаған

16.03.2026ж. 19:00
Алдын ала нәтиже: Референдумқа қатысқандардың 87,15% жаңа Конституцияны қолдаған

Референдумға қатысқан тұрғындардың 87,15 проценті жаңа Конституцияны қолдады. Бұл - 7 млн 954 мың 667 адам. Алдын ала нәтиже бойынша қарсы болғандардың саны - 898 099. Тағы 127 мыңнан аса азамат екі нұсқаны да таңдаса, 146 мың тұрғынның бюллетені жарамсыз деп танылды. Жалпы науқанға дауыс беруге құқығы барлардың 73,12 пайызы қатысты.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін таңертең аумақтық референдум комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынды. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған осы деректердің негізінде Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін анықтады.

ТМД байқаушылар миссиясы референдум кезінде нәтижеге әсер ететін заң бұзушылық анықтаған жоқ дейді. Науқан күні миссия өкілдері 9 өңірдегі 750-ден астам учаскеге барған. Байқаушылар қазақстандықтардың белсенділігін жоғары бағалады. Ұйымдастыру жағынан да кемшілік байқамағанын айтты. Керісінше, мерекелік көңіл күй сезілген.

ИГОРЬ ПЕТРИШЕНКО, ТМД БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

ТМД миссиясы «15 наурыздағы референдум Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті» деген қорытындыға келді. Мемлекеттік билік органдары мен референдум комиссиялары азаматтардың еркін түрде өз таңдауын білдіруіне мүмкіндік жасады.