Оралдық қолөнер шебері Мәнзила Нұрмұханбетова құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд иегері атанды. Үздік әлемдік рекордтарды тіркейтін ұйым оның қолынан шыққан бұйымдарды үздік деп танып, күміс медальмен марапаттаған. Әлемнің қырықтан астам елінен келген шеберлерді тәнті қылған ісмер туралы келесі материалда.
Мәнзила Нұрмұханбетова 13 жасында әкесі тігін мәшинесін сыйлаған күні өзіне көйлек тігіп киіпті. Содан бері 66 жыл өтсе де, ісмер жан қолынан ине-жібін тастамады. Бұл өнері өмірлік серігіне айналған.
МӘНЗИЛА НҰРМҰХАНБЕТОВА, "ӘЖЕЛЕР СӘЛЕМІ" АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
13 жасымнан бастап іс тіккенім көршілерге үлкен сенсация болды. Көйлектерін қысқартып беремін, сөйтіп уақ-суақ заттарды тігіп бергенде кішкентай қағазға бір салатын шай немесе үш-төрт шақпақ секерді орап алып келеді. Неге десеңіз, ол уақытта өмір әлі қиындау болды.
Қазір ісмер қария құрақ көрпенің алуан түрін тігеді. Мата қиықтарынан құралатын бұл бұйым - шебердің шыдамын шыңдайтын күрделі қолөнер туындысы. Бір көрпенің өзіне бір аптадан бір айға дейін уақыт кетеді дейді.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Мына менің қолымдағы көрпе - Қазақстандағы ең қымбат көрпелердің бірі. Өйткені мұның матасының өзіне 200 мыңдай ақша кетіпті. Егер мына әрбір жолақты қиюластырып жасаған шебердің көз майын тауысқан еңбегін ескерсек, бұл дайын көрпенің құны бірнеше есе қымбатқа шығады екен. Ал мына көрпе қай қалыңдыққа бұйырар екен?
МӘНЗИЛА НҰРМҰХАНБЕТОВА, "ӘЖЕЛЕР СӘЛЕМІ" АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Құрақ көрпелер төбеге дейін жайылып, жинаулы тұрса, "Мә, мына үйдің байлығын қараңыз",- деп ана құрақ көрпемен үйдің бай ма, кедей ме, сонымен салыстырған. Неге біздің қыздарымыз тұрмысқа шыққанде неге құрақ көрпемен барады? Барған жерінде де ол жақсы болсын. Айналасындағы бәрі құралып, құрттай заттан үлкен отбасы болсыншы деген мағына ғой.
Қолөнер шеберлерінің айтуынша, бүгінде этнобұйымдарға сұраныс жоғары. Бұрын тек көрмеден көретін затты күнделікті тұрмыста қолданғысы келетіндер көбейген.
АЙНАГҮЛ ХАЛЫҚҚЫЗЫ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
Терапия бұл қазіргі тілмен айтқанда адам деген басқа әлемге өтіп кетеді. Сен онымен айналысып отырғанда бәрін ұмытып кетесің. Мына әлемдегі күйбең тірлікті, проблемаңды, оқсамай жатқан нәрсенің бәрі жайына қалады да, сен басқа әлемге кіріп кетесің. Ол деген стреске қарсы керемет құрал деп айтса да болады. Әйел адамдарға, қыз балаларға сол қол еңбегімен айналысу, қолөнер кәсібімен айналысу жетіспейді деп ойлаймын.
Қазір ісмер қария тіл-көзден қорғайтын тұмардан бастап, қыз жасауын да дайындайды. Енді құрақшылардың көктемде өтетін сайысында бақ сынап, алтыннан алқа тақсам деген арманы бар.