$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Темір тордың ар жағындағы қоңыр үн: сотталған әйел колонияда домбыра үйірмесін ашты

Темір тордың ар жағындағы қоңыр үн: сотталған әйел колонияда домбыра үйірмесін ашты
Polisia.kz

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты әйелдер колониясында сотталған әйел ұлттық аспап — домбыра үйірмесін ашты.

59 жастағы Алматы қаласының тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін сот үкімімен 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Мекемеде отырғанына үш жылдан астам уақыт болған. Мектепті бітіргеннен кейін әйел музыкалық колледжге түсіп, музыка пәнінің оқытушысы мамандығын алған. Алайда өмірлік жағдайларға байланысты мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкін болмаған. Соған қарамастан, музыкаға деген сүйіспеншілігі өшпеген. Мекемеге келген соң басқа сотталғандармен танысып, өзінің музыкалық қабілеті бар екенін айтқан. Көптеген әйел домбыра үйренуге қызығушылық танытқаннан кейін, ол музыкалық үйірме ашу идеясын ұсынған. Мекеме әкімшілігі сотталған әйелдің бастамасын қолдап, сабақ өткізу үшін арнайы кабинет бөліп, үйірмені музыкалық аспаптармен қамтамасыз етті. Қазіргі таңда үйірмеге 20-ға жуық сотталған әйел қатысады. Олардың арасында бұрын домбыра ұстап көргендер де, бұл аспаппен алғаш рет танысып жатқандар да бар. Үйірмеге әртүрлі ұлт өкілдері қызығушылық танытып отыр. Сабақтар арнайы белгіленген уақытта күн сайын өткізіледі және мекеменің ішкі тәртібін бұзбайды. Қатысушылар ноталық сауаттың негіздерін меңгеріп, халық күйлері мен термелерін үйренеді, сондай-ақ ұлттық өнердің тарихы мен маңызын таниды. Музыка әйелдерге шығармашылық қабілеттерін ашуға және күнделікті қиындықтардан бір сәтке болса да алыстауға көмектеседі.

– Музыка – менің өмірімнің әрдайым бір бөлігі. Басқа әйелдерге домбырада ойнай алатынымды айтқанымда, көпшілігі үйренгісі келді. Осылайша үйірме ашу идеясы пайда болды. Сабақтар қатысушыларға бір-біріне қолдау көрсетіп, музыка әлемін ашуға көмектесіп жатқанына қуаныштымын, — дейді сотталған әйел.

Мұндай бастамалар сотталғандарды тәрбиелеу және қайта әлеуметтендіру процесіне оң әсер етеді.

– Сотталғандар арасында шығармашылық бастамаларды дамыту — тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі. Музыкалық үйірме әйелдердің жаңа дағдыларды меңгеруіне ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетті сақтауға және насихаттауға да ықпал етеді. Біз мұндай бастамаларды қолдаймыз, өйткені мұндай дағды сотталғандарға өз қабілеттерін ашуға және оң өзгерістерге ұмтылуға көмектеседі. Жақын уақытта үйірме қатысушыларының санын көбейту жоспарланып отыр, себебі домбыра үйренгісі келетіндер саны артып келеді, — деп атап өтті мекеме бастығы Уалихан Жумашев.

Музыкалық үйірме тек білім алу орны ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас, өзара қолдау және шығармашылық өзін-өзі көрсету алаңына айналды.