$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақмола облысында су тасқынының шарықтау кезеңі қарсаңында алдын алу шаралары күшейтілді

Ақмола облысында су тасқынының шарықтау кезеңі қарсаңында алдын алу шаралары күшейтілді
KZgovernment

Жалпы Ақмола облысында тасқынға қарсы шаралар 163 елді мекен мен 32 жол учаскесін қамтыды. 70 елді мекенде су басу қаупі жойылды. Қалған елді мекендерде қауіп барынша азайтылды. Соңғы екі жылда су басу қаупі бар аумақтардан 718 отбасы көшірілді.

Азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары жоғары дайындық режиміне көшірілді. Бұл – 2,5 мың адам, 1 мыңнан астам техника, 400-ге жуық мотопомпа және 37 жүзу құралы. Қажетті инертті материалдар, қаптар мен жанар-жағармай қоры дайындалды.

15 наурыздан бастап тасқынға қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істейді. Қауіпті учаскелерде тұрақты мониторинг жүргізу мақсатында 19 дрон қолданылуда.

«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, Ақмола облысында тасқынның шарықтау кезеңі 30 наурыздан кейін болады деп күтіліп отыр. «Tasqyn» ақпараттық жүйесіндегі модельдеу нәтижелері бойынша қауіп аймағында Астрахан, Атбасар және Бұланды аудандарындағы елді мекендер бар.

Вице-премьер қарды тәулік бойы шығаруды қамтамасыз етуді, өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын жеделдетуді, уақытша орналастыру пункттерін тексеруді, қажетті техника мен материалдардың резервін дайындауды, сондай-ақ халықты уақтылы ақпараттандыруды тапсырды.