$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Петропавлда 22 жастағы жұмысшыны ток соғып, мерт болды

17.03.2026ж. 16:07
Петропавлда 22 жастағы жұмысшыны ток соғып, мерт болды
Фото: pixabay.com

Петропавлдағы кәсіпорындардың бірінде көктемгі су тасқынына дайындық барысында жұмысшы мерт болды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметінше, оқиға бүгін болған. Марқұм — 2004 жылы туған жігіт. Ол Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясында қосалқы станция жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрослесарь болып жұмыс істеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы қосалқы станцияда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізу кезінде токқа түскен. Жұмыс арнайы рұқсатпен атқарылған.

Өкінішке қарай, ол алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Қазіргі уақытта бұл жағдайға байланысты тиісті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталатын болады.