Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға қол қойды. Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Ал 15 наурыз Конституция күні болады.
Құрмет қарауылы жаңа Конституцияны салтанатты түрде ортаға алып шықты. Іле-шала көпшілік еліміздің Әнұранын орындады. Содан соң Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның нәтижесін жариялады. Дауыс беруге құқылы 9 млннан астам азаматтың 73,12 проценті тарихи таңдау жасауға қатысқан.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Елдің барлық өңірінде және шетелдердегі учаскелерде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 7 млн 954 мың 667-сы немесе 87, 15 пайызы қабылдауды қолдады. Бұл ретте әр өңірде осы шешімді жақтап азаматтардың басым көпшілігі дауыс берді. Осылайша, республикалық референдум заңнамасындағы еліміздің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап, дауыс беру туралы талап сақталды. Сондықтан жаңа конституция қабылданды деп танылды.
Президент бүкіл халық атынан жаңа Ата заңға және Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, ел егемендігін күшейтетін стратегиялық құжат екенін мәлімдеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық.
Мемлекет басшысы ұлт мүддесін терең түсініп, тарихи миссиясын орындап, дауыс берген әр азаматқа алғысын білдірді. Әсіресе, жастардың жоғары белсенділігін ерекше атап өтті. Жаңа Ата заңды бекіткенмен шаруа бітпейді. Нағыз ауқымды жұмыс алда. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Бұған қоса сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, негізгі кодекстерге түзетулер енгізу міндеті тұр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр.
Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет. Президент бұл ретте бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жариялау идеясын айтты. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек, - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.