Өңірлерде су тасқынның алдын алу шаралары күшейді. Күн күрт жылынуына байланысты қар еріп, қауіп артуда. Сондықтан өзен-көлдердегі мұзды жару жұмыстары жүріп жатыр. Су алу қаупі бар аумақтар ерекше бақылауға алынды. Аймақтағы тілшілеріміз жағдайды толығырақ баяндайды.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Су тасқынының алдын алу шаралары өңірде әдеттегіден сәл ертерек басталды. Себебі, күн күрт жылынып, қар еріп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында 41 учаскіде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Бес күннің ішінде мұз жарушылар Есіл өзенінің жоғары ағысына қарай жылжып, Ақмола облысының шекарасына дейін жетпек.
АСХАТ ӘЛМҰҚАН, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
Бүгін Петропавлда мұздың 6 мың шаршы метрі жарылады. Одан кейін бұл жұмыс Қызылжар, Есіл, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов көшелерінде жүргізіледі. Жалпы біздің жұмыс екі кезеңнен тұрады. Алдымен тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіледі, кейін мұз кептелісін тарқатамыз.
Облыс бойынша 112 елдімекен бақылауға алынған. Оның басым бөлігі Есілдің жағасында орналасқан. Сала мамандарының айтуынша, биыл қыс тым суық болғандықтан мұз 60 см-ге дейін қатып қалған.
ДӘУРЕН ТАУБАЕВ, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жару жұмыстарының негізгі бағыты мынау- мұздың жүру кезінде кептеліссіз өзен арналарымен өту болып табылады. Дайындық шаралары тоқтаусыз жүріп келеді. Өткен жылдан бастап бөгеттерді нығайту жұмыстары қалпына келтірілді. Қазіргі таңда бізде облыста керек жағдайда күштер дайындалып қойылды.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Жалпы Қызылжар аймағы бойынша 2200-ге жуық адам және 300ден артық техника тасқынға қарсы тұруға сақадай сай, дейді сала мамандары. Еліміздің өзге өңірлерінде де қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әрі қарай қарағандылық әріптесім Айжан Қуаш жалғастырады.
АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:
Қарағанды облысында су тасқыны қаупі жоғары. Қар ерісімен Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің алаптарында су деңгейі көтеріледі. Биыл аймақта тасқынға бейім 139 елдімекен анықталып отыр.
Бүгін өңірде өзендердегі мұзды жару жұмыстары басталды. Ол су еріген кезде мұз кептелістерін болдырмау үшін жасалады. Әйтпесе өзен арнасынан асып ауылдарды су алуы мүмкін. Алдымен тасқын қаупі жоғары Бұқар жырау, Абай аудандарының аумағында Нұра және Өткелсіз өзендерінде жүргізілді. Жарылыстар жалпы аумағы 2100 шаршы метрді қамтыды.
ДУМАН ДӘЛЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Барлығы бізде 8 мыңнан астам шаршы метрден астам жерде жарылыс жұмыстары жоспарлануда. Бүгінгі күні Осакаровка және Нұра аудандарында жұмыстар жалғасуда. Өзендер барлығы бізде қысқы режимде бүгінгі күні. Жергілікті атқарушы органдармен және азаматтық қорғау органдарымен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қар тазалау, құбырларды тазалау, қапшықтар бекіту мақсатында барлық жұмыстар атқарылуда.
Облыста 130 көлік және темір жол аумағы мен 200 ден астам су шаруашылығының құрылысы бақылауға алынды. Суқоймалардан төмен орналасқан ауылдарда қорғаныс біліктері нығайтылды. 4 жүзден астамды қамтыған 6 жедел топ құрылды.
АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:
Елдімекендерде тіпті 100 ден астам мотопомпа, жүзу құралдарына дейін сақадай сай тұр. Жоғарыда аталған аудандардан басқа Қарқаралы мен Ақтоғайда да осындай дайындық жасалды. Бүгін күн күрт жылына бастағандықтан алдағы мереке күндері өзен- көлдер жіті бақылауда болмақ.