Жаңа Конституцияның нормаларын жүзеге асыру шеңберінде Астана мен Алатау қаласы үшін ерекше құқықтық режимді айқындайтын заң жобалары әзірленді. Заң жобалары Алатау үшін «қарқынды даму қаласының» режимін енгізеді және қалалық ортаның сапасын арттыру үшін Астана мәртебесін нақтылайды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Алатауда озық халықаралық стандарттарды енгізу, пилотсыз көлік пен цифрлық активтерді дамыту жоспарлануда. Елорда үшін қала құрылысы, көші-қон және көлік салаларында басқарудың ерекше тетіктері көзделген. Екі құжат та инвестициялар тартуға және жергілікті мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Алатау қаласы бойынша заң жобасы салық салудың ерекше режимін қолдануды және инвестицияларды қорғауды көздейді. Астана бойынша біз елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басқару ерекшеліктерін бекітеміз. Алатау бойынша Парламентте екінші оқылым 27 наурызға жоспарланған, ал елорда мәртебесі бойынша заң жобасы осы жылдың сәуір айының соңына дейін Мәжіліске енгізілетін болады», — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.