$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мәжіліс Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын мақұлдады

18.03.2026ж. 12:19
Мәжіліс Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын мақұлдады
Фото: parlam.kz

Мәжілісте «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ондағы негізгі жаңашылдықтарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай түсіндірді. 

Аталған заң жобасы 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Ол кәсіби, ашық және нәтижеге бағытталған, яғни процесс үшін емес, адамға қызмет етуі керек.

 Көптеген жыл бойы мемлекеттік қызметті заңнамалық реттеу тек еңбек қатынастары шеңберімен шектеліп келді. Миссия, қызметтің мәні мен міндеттері құқықтық тұрғыда айқындалмаған. Біз осы олқылықты жойып, мемлекеттік қызметтің ұлттық басымдықтарды жүзеге асыру, негізгі институттар ретінде мағынасын нақты бекітіп отырмыз, — деді Дархан Жазықбай.

Алғаш рет заң деңгейінде мемлекеттік қызметті атқарудың негіздері айқын көрсетіледі. Отаншылдық, кәсібилік, ашықтық, клиентке бағдарланған қызмет, этика, мінсіз бедел және құқықбұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік - абстрактілі ұрандар емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің міндетті орындауы тиіс нақты талаптар. Оларды сақтамау жауапкершілік жүктейді.

Мысалы клиентке бағдарланған қызмет дегеніміз - өтініштерден формалды себептермен бас тартуға жол бермеу, әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергілерді жою. Бұл талаптарды орындамау мемлекеттік қызметті атқарумен үйлеспейді.

Екіншіден, заң жобасында сервистік қағидаты дәстүрлі мемлекеттік қызметтермен шектелмеген. Оның мағынасы кең және қоғамға көрсетілетін қызметтердің жалпы түсінігін қамтиды. Бұл адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін қызметтер - қоршаған ортаны қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, халықтың денсаулығы, білім беру және басқалар. Мұндай қызметтердің сапасына қатысты нақты критерийлер белгіленеді және оларды бағалау әдісі ретінде қоғамдық мониторинг жүргізіледі, - деді агенттік төрағасы.

Ең бастысы, азаматтардың пікірі мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруда нақты септігін тигізеді. Олардың бағалануы мемлекеттік органдар тиімділігінің бір көрсеткіші болып, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру кезінде ескеріледі, соның ішінде материалдық тұрғыдан әсер етеді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметіне соңғы баға беретін тек қана азаматтар болуы керек.

- Үшіншіден, Мемлекет басшысы Amanat партиясы ұйымдастырған ауыл әкімдерінің диалог алаңында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі олардың құқықтық мәртебесін жан-жақты пысықтауды тапсырған болатын. Осыған орай, заң жобасында сайланатын лауазымды тұлғаларды мемлекеттік қызметшілердің бөлек санатына жатқызу қарастырылған (саяси және әкімшілік қызметшілермен қатар), - деп толықтырды спикер.

Осы санаттағы қызметшілердің құқықтық мәртебесінің ерекшеліктерін ескере отырып:

арнайы курстар бойынша оқыту тәртібі белгіленеді;
олар ротациядан, уақытша басқа органға жіберуден және тәлімгерліктен босатылады;
оларды теріс қылықтары үшін қызметтен босату тек мәслихат шешімімен жүзеге асырылады.
Оның айтуынша, сайланбалы мемлекеттік қызметшілердің айрықша мәртебесі оларға заңдық жауапкершілікпен қатар, сайлаушылардың сенімін ақтап, олардың алдында да жауапты болуын жүктейді. Олар өздерінің сайлауалды бағдарламаларында берген уәделерін іс жүзінде орындау және қабылданған шешімдері үшін халық алдында жауап береді.