$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Айыппұлдар кешіріледі: Жаңа Конституцияда тағы қандай өзгеріс бар?

18.03.2026ж. 19:00
Айыппұлдар кешіріледі: Жаңа Конституцияда тағы қандай өзгеріс бар?

Үкімет басшысы министрлерге бірнеше тапсырма берді. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жауаптыларға жүктелген маңызды міндет аз емес. Ведомоство басшылары, алдымен, түсіндіру жұмыстарын жетілдіруі тиіс. 10 сәуірге дейін Ата Заңды жаппай басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім және мәдениет ұйымдарына тарату қажет. Алда атқарылуы тиіс істердің басым бағыттарын әріптесім Аружан Задабек рет-ретімен айтады.

Конституция қабылданды. Бірақ бұл «алма піс, аузыма түс» деп аяқты аспанға көтеріп жатуға болады деген сөз емес. Керісінше, тірліктің бәрі енді басталды. Алдағы бірнеше айда жауаптылардың жұмыс кестесі қауырт болғалы тұр. Министрлер мінберден түсіп, күн-түн демей, көз ілмей еңбек етуі тиіс. Әрқайсысының басында бір емес, бірнеше міндеттен бар. Үкімет пен Парламент жаңа Ата Заңды іске асыру үшін ауқымды заңнамалық жұмысты бастады. 5 жаңа конституциялық заң қабылдау, қолданыстағы 8-іне өзгеріс енгізу, 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерді жаңашалау ісі қолға алынған. Бастысы, келесі айға дейін басты құжат мәтінін жаппай таралыммен басып шығару маңызды.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Бүгінде мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, дін, жастар және отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Білім беру саласы жаңа Конституциядағы басым бағыттардың бірі. Құжатта білім, ғылым, инновациялар мен технологияларды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітілген. Енді оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады.  Ал келесі жылы 1 және 5 сыныптарға арналған кітаптар жаңадан басылады.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

2027 жылы 1, 5 сыныптарда жаңа оқулықтар жарық көреді, 10-11 сынып оқулықтары мазмұны қайта қаралады. 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жарық көреді.

Конституцияда медициналық көмекті қаржыландыру көздерін кеңейту, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат тарту мәселесі де қарастырылған. Еңбек және жұмыспен қамту саласында да біраз өзгеріс болғалы тұр. Мұны жүзеге асыру үшін қос министрге 1 сәуірге дейін уақыт берді. 10 күннің ішінде кодекстерге түзету енгізіп үлгеру қажет. Басты жаңалық – енді жеке деректерді таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 22 млн теңгеге дейін айыппұл  арқалайды.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Оны Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың деректерін қорғауды күшейтеді, цифрлық сервистерге деген сенімді арттырады және ұйымдардың жауапкершілігін күшейтеді.

Президент жаңа Конституцияны қабылдаумен бірге кейбір құқық бұзушылық жасаған адамдарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Сол үшін енді төленбеген айыппұлдар кешіріледі. Үкімет басшысы бұл істі 2 аптаның ішінде аяқтауды тапсырды.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Оның ішінде терроризм, экстремизм және сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтарға, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарға, азаптау фактілеріне, сондай-ақ қайталама қылмыс жасағандар мен іздеуде жүрген тұлғаларға қолданылмайды.

Алатау мен Астана қаласының мәртебесі конституциялық заңмен бекітіледі. Бұл да Үкімет алдындағы маңызды міндет. Алатау қаласына қатысты заң жобасы қазір парламентте қаралып жатыр. Наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысына ұсынылады. Ал бас қала мәртебесіне қатысты норма наурыз-сәуір айларында мәжіліс қарауына жіберіледі. Премьер-министр бұл істі барынша жеделдетуді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын  одан әрі жаңғыртуға жол ашады. Бірлік пен әділдік, Заң мен Тәртіп сияқты  негізгі құндылықтарды орнықтырып,  ұлтымыздың ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайды.

Үкімет жаңа Конституцияның нормаларын толық іске асыруға бағытталған арнайы жоспар әзірлейді. Бұл 7 сәуірге дейін дайын болуы тиіс. 20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді. Осы жиында Конституциялық  заң жобасы бірінші оқылымда қаралады.