$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Оралдықтар ұлттық киімді ұлықтады

18.03.2026ж. 19:00
Оралдықтар ұлттық киімді ұлықтады

Оралдық дизайнерлер де бүгін дәстүрлі киім үлгілерін дәріптеді. Отандық өнімді халыққа кеңінен насихаттап, ұлттық киімді сәнге айналдыруды көздегендердің қарасы қалың.

Әнші Күләш Қуанышқалиева ұлт өнерінің шын жанашыры екенін ісімен дәлелдеп жүр: тоқсанға келген әжесінің киімін тәбәрік қып киіп, заман талабына сай жаңартып, безендіріпті. Тіпті мәсінің өзін түрлі өрнекпен зерлеп әсемдеген.

КҮЛӘШ ҚУАНЫШҚАЛИЕВА, ҒАРИФОЛЛА ҚҰРМАНҒАЛИЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯ ӘНШІСІ:

Мұның бәрі қолдан тігілген. Яғни, кәдімгі кәжекейді ішіне астар салып, үйден тігілген нәрсе. Мұның үстіне мынадай жылтырақтардың бәрін өзім қондырып, кішкене сәнін келтірдім. Бұрынғыға қарағанда қолжетімді қазір. Арзаны да бар, қымбаты да бар. Ниет қойып алғысы келсе немесе әрі қарай сәндегісі келсе жасауға болады.

Бүгінде ұлттық құндылықтарға ден қойған оралдық дизайнерлердің қарасы қалың. Олар киіммен шектелмей, түрлі әшекей, тұрмыстық бұйымдарды да өздері жасайды. Бүгінгі атаулы күнге орай, жергілікті шеберлер мен ақтөбелік әріптестерінің арнайы коллекциясы көпшілік назарына ұсынылды. "Ұлт рухы тарих пен өрнек" қойылымында қазақтың арғы-бергі тарихы кеңінен қамтылып, дала рухы мен ұрпақтар үндестігі көрсетілді.

Қазір қоғамда ұлттық киімге сұраныс жоғары. Бұрын этнобұйымды іздегендер Наурыз мерекесінде ғана көбейетін. Қазір жасы да, жасамысы да шапан мен камзол киюді күнделікті әдетіне айналдырған.

МЕДЕТ МЕРҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Алдағы уақытта бұл шараны кең көлемде, республикалық деңгейде, тіпті әлемдік деңгейде өткізу жоспарымызда бар жыл сайын дамыту үшін. Сондықтан да бұл шараны облыстың жұртшылығына көрсету мақсат болған болатын. Сол мақсатымызға жеттік деген ойдамыз.

Театрландырылған қойылымнан кейін ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер жаңа киім үлгілерін тамашалап, сәнгерлердің өнеріне тәнті болды.