$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мектептерде «Ұлттық ойындар керуені» республикалық акциясы өтеді

18.03.2026ж. 22:35
Мектептерде «Ұлттық ойындар керуені» республикалық акциясы өтеді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

20 наурыз күні еліміздің барлық мектебінде Наурыз мерекесіне орай «Ұлттық ойындар керуені» атты республикалық мектеп акциясы ұйымдастырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шараға 1–11 сынып оқушылары, педагогтер және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысады.

Акция ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттауға, оқушылардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында қазақ халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

«Ұлттық ойындар керуені» еліміздің барлық өңірлерінде Астана уақытымен сағат 10:00–де басталады. Бұл бастама ұлттық дәстүр сабақтастығын дәріптеп, оқушыларды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді.

Акция аясында мектептерде ұлттық ойындарға арналған арнайы алаңдар ұйымдастырылып, іс-шаралар спорттық-ойын фестивалі форматында өтеді. Оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі сияқты ұлттық ойындарға қатысып, жас ерекшеліктеріне бейімделген ойындар мен тақырыптық эстафеталарда бақ сынайды.

Көктем мерекесін атап өту шаралары 12-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектебінде өтуде. Білім беру ұйымдарында тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар, ұлттық ойындар мен мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.