Шымкентте полиция синтетикалық есірткі өндірілетін жасырын зертхананы жойып, прекурсорларды жеткізу арнасын тоқтатты.
Жедел іс-шаралар барысында химиялық заттар Шымкенттегі қоймадан Жетісу облысына жеткізіліп отырғаны анықталды. Онда екі ер адам есірткі заттарын дайындайтын жасырын зертхана ұйымдастырған.
Оқиға орнында бір тоннадан астам прекурсор және шамамен 4,5 келі дайын мефедрон тәркіленді. Бұл шамамен 8 мың бір реттік дозаға тең, яғни оның таралуына жол берілмеді. Сонымен қатар есірткі дайындауға арналған арнайы құрал-жабдықтар да алынған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер есірткіні тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де таратуды жоспарлаған. Қазір олар қамауға алынып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.