$541.34 €640.73 ₽6.53
×

500 теңге үшін аяусыз ұрып кеткен

500 теңге үшін аяусыз ұрып кеткен
Видеодан скрин

Түркістан облысында 30 жастағы ер адам мен оның 16 жасар бауыры аяусыз соққыға жығылғаны туралы хабарлама әлеуметтік желіде жарияланды.

Дереккөздерге сәйкес, 12 наурызда олардың отбасылық дүкеніне екі жас жігіт келіп, 500 теңгелік банкнотпен есептескен. Саудагер ақша түпнұсқа емес деп күмәнданғанда келушілер «үлкендерді шақырамыз» деп қорқытыпты.

15 минут өткен соң дүкенге шамамен 10 адамнан тұратын топ келіп, ағайынды жігіттің үлкенін ұра бастаған. Інісі ағасын арашалап алмақ болғанда, оны да ұрып, есінен тандырған. Соққыға жығып кеткен топ дүкенді қиратып, тауардың бір бөлігін ұрлап кеткен.

Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, күдіктілердің туыстары келіп, оларды қорқытқаны туралы ақпарат та бар.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға бойынша «Топтық бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Арыс ауданының бір дүкенінде болған оқиғаға қатысты топпен жасалған бұзақылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Толық және объективті тергеу жүргізу үшін кешенді процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр», – деді полиция.