ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың айтуынша, бұл 460 мың кішкентай қазақстандықты оқушы орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2024 жылы 105 мектеп, ал 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 52 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылды.
«Барлық мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынған және олардың орналасқан жеріне қарамастан – елордада да, шалғай елді мекендерде де – балаларға бірдей жоғары деңгейдегі оқу жағдайын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, 87 мектеп немесе 40%-ы ауылдық жерлерде салынды. Бұл сапалы білімге қолжетімділікті арттырып қана қоймай, қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.