Жетісу облысында 62 жастағы әкесін өз туған ұлдары жылдар бойы ұрып, қысым көрсеткен. Жәбірленушінің айтуынша, балалары оған күш қолдану арқылы ақша талап етіпті. Ал берер қаржы болмағанда үйіндегі мүлкін тартып алып отырған. Қария полицияға арыз да жазғанын айтады. Алайда, құзырлы орган өкілдері 2 ұлды 10 күнге ғана қамағанмен, олар шыққан соң озбырлығын жалғастыра береді дейді.
БАҚЫТБЕК ҚАДЫСҰЛЫ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Осы жерде екі ұлым мені машинаға басып алып, далаға апарып тастады. Одан да қашып үйге келіп, жаным әрең аман қалды. Ағам екінші балама «бұл кісіде нең бар, қойсаңшы» дегенде де пышақ салды.
Қарияның айтуынша, бүгінде құқық қорғау органдары оның ұлдарын қамауға алған. Алайда мамырда бостандыққа шығуы мүмкін. Сонан кейін жағдай тағы қайталана ма деп қорқады.
ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Тергеу барысында құқыққа қайшы әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталды. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, істі қарау барысында сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі, оның ішінде жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды. Қазіргі уақытта ер адамдар қамауда отыр. Бостандыққа шыққаннан кейін екеуі де профилактикалық есепке алынады. Жағдай полицияның бақылауында.