$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жаңару күні – өткенді артта қалдырып, жаңа өмірге бет бұрудың белгісі

AstanaTV
19.03.2026ж. 19:00
Жаңару күні – өткенді артта қалдырып, жаңа өмірге бет бұрудың белгісі

Жаңару күні – өткенді артта қалдырып, жаңа өмірге бет бұрудың белгісі. Халық бұл уақытта тазалыққа ерекше мән береді.  Дәстүрлер жаңғырып, игі бастамалар жалғасын табады.  Алматылықтар 400-ден астам ағаш егіп, қаланың көркеюіне   үлес қосты.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Бүгін табиғат қайта түлеп, тіршілік оянады. Айнала жасыл түске еніп, көктемнің лебі анық сезіледі. Қала тіршілігі жанданып, адамдардың да қозғалысынан жаңаруға деген ұмтылыс байқалады. Күн райы да жайма-шуақ болып, жаңа бастамаларға шабыт беріп тұрғандай.

Көктем келісімен табиғатпен үндесіп адам өмірінде де жаңғыру кезеңі басталады. Адамдар бұл уақытта жаңа әдеттер қалыптастырып, өкпе реніштің бәрін ұмытып, жаңа өмірге дайындық жасайды. Бір серпіліп, бой жазып, ішкі тазалық әрі сыртқы тазалыққа ерекше мән береді. Айналасын ретке келтіріп, ескі құсқыдан арылып, жаңаға орын ашады.

БЛИЦ:

- Қыстан шыққаннан кейін көктемде осы өзіміз жаңарғымыз кеп, ескі заттарымызды тастап, жаңадан киімімізді ауыстырып, жаңа ашуларға бет бұрып жатамыз.

- Жыл мезгілі ауысып, әсіресе көктемде ішкі жан дүниең өзгеріп, жаңа әдет, жаңа киім, жаңа аптада өмірді жаңадан бастауды қалап тұрасың.

- Жаңа адам ретінде сезінем, өзімде көңіл күйім де көтеріліп, басқаша болғым келеді.

Жыл сайын 19 наурызда жаппай ағаш егу дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл еліміздің дамуы мен гүлденуін бейнелейді.  Бүгін ел аумағында егілген ағаштардың жеміс бергені сияқты жаңа идеялар мен құндылықтар, алға қойған мақсаттар жемісін беріп, өркендеуге жетелейді.

ДАМИР ӘКЕЖАНОВ, ТҮРКСІБ АУДАНЫ ӘКІМІ:

150 тал үйінді ағашын отырғызып жатырмыз, ірі көлемде. Қазір қатысып жатқан осы «Жас қанат» тұрғын үйі тұрғындары және осы аудандағы тұрғындар, жастар орталығы қатысып, сол дәстүрді жалғастырып жатырмыз.

Бұл кезеңде халық тек тазалыққа мән беріп қоймай, түрлі игі бастамаларды да жоспарлайды. Кезінде маңызды дәстүрлерді осы күндерге арнайы белгілейтін болған. Жақсы сөздер айтып, ақ тілек білдіру, үлкендерден бата алу, қарым қатынасты қайта жаңғырту осы күндердің басты мәніне айналған.

БЕРДАЛЫ ОСПАН, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ:

Ең кем дегенде үйлерін таза ұстап, содан соң жаңа киімдер киіп қонақтар шақырып дегендей. Жеке үй болса ол мүмкін өзіне жаңа ат алсам деген арғымақ мінсем деген. Сол жаңару күніне арнап міне біз жаңа өмірді бастадық деп баласының тұсауын кесетін болған, кейбірде тура сол күнге құда түсуді де жоспарлаған. Себебі бәрі жаңа болу керек қой.

Жаңару күні өткенді ұлықтап, болашаққа ұмтылуға, жаңаша көзқараспен өмір сүруге мүмкіндік береді. Ең бастысы осы сәтті сезініп, оны дұрыс пайдалана білу.