×

«Аракс» танкері қалдықтарын утильдеу бойынша 2 мердігер компания өз бағасын ұсынды

AstanaTV
03.08.2017ж. 20:00
2726
«Аракс» танкері қалдықтарын утильдеу бойынша 2 мердігер компания өз бағасын ұсынды

Маңғыстаулық биліктің өзекті мәселесіне айналған «Аракс» танкеріндегі мұнай қалдықтарын жою ісінің құны 40 млн теңгеге жетуі мүмкін. Арнамызға берген сұхбатында профильдік басқарманың өкілдері әкімдіктің екі компания ұсынған бағаны қарастырып жатқанын айтты. Қос мердігер шығынның сметалық құнын 36 және 39 млн теңге деп белгілеген. Өз кезегінде мамандар қаржы басқармасынан нақты жауап 10 күннің ішінде түседі,- деп отыр. Әкімдік берген ақпарға сәйкес, танкердегі қауіпті қалдықты жою ісі мердігер компанияның құжаттарына байланысты созылып кеткен.

Серік Сағымбаев, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Бүгінгі таңда екі компания баға ұсынып отыр. Бірінің құны 39 млн болса, екіншісі - 36 млн теңге. Біз "Қазмортрансфлотпен" де байланыс орнатуға тырыстық. Олардың сұраған сомасы үлкен болды. Сметаны жасап болған соң, қосымша қаржы сұрап отыр. Қазір барлығы қарастырылып жатыр. Ең төменгі бағаны таңдайтын шығармыз. Бюджетте төтенше жағдайларға арналған қаржы да қарастырылған.

«Аракс» танкеріндегі ахуал Маңғыстау халқын 2016 жылдан алаңдатып отыр. Сол жылы қарашада алып кеме Песчан мүйісі қайырына тұрып қалды. Онда 17 қап және екі жүз литрлік 11 бөшке мазутты топырақ тиелген. Сондай-ақ, 130 тонна мұнай өнімі мен 500 тонна балласт бар. Кеме ресейлік «Транс Каспий» компаниясының иелігінде. Алайда, бүгінде аталған кәсіпорын заңды тұлға ретінде жойылып, жұмысын тоқтатқан.  Аталған түйткілді шешу мақсатында бір жарым ай бұрын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ішкі істер қызметі мен өңірдің экология департаментінің өкілдері енген.