$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елде «таксиі» ұшатын, әкімі жоқ қала пайда болады

20.03.2026ж. 19:00
Елде «таксиі» ұшатын, әкімі жоқ қала пайда болады

Елде ешкімге бағынбайтын, ерекше қала пайда болады. Мұнда тұрғындар ұшатын таксиге мініп, діттеген жеріне 10  минутта жетеді. Шаһар ешкімге есеп бермейді, салықты да өздері реттейді. Инвесторларға қалауынша жағдай жасайды. Толық еркіндік беріледі. Оны былай қойғанда, мегаполистің әкімі болмайды. Сонда жауапкершілік кімнің мойнында? Бұл аймақта кімдер өмір сүреді? Парламенттің бірлескен отырысына қатысқан әріптесім Аружан Задабек түсіндіреді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Наурыз қарсаңында табиғат түрленеді, жер-жаһан жаңғырады.  Ал биыл тек дала емес, Мемлекет те «жаңаруға» көшкен. Жұмыстары қызған жауаптылар мерекеге қарамастан мінберден түсіп, білектерін түріп Үкіметте жүр. «Өзгелер наурыз көже дәмімен жүрсе, біз заңның қамымен жүрміз» дейді өздері. Солай болуы да тиіс. Өйткені, Алатау – асқардың аты. Енді сол Алатаудың атымен аталатын қала Конституциялық деңгейде қорғалады. Демек, «атына заты сай болсын» деген талап күшейеді. Бұл тұста тон келте болмауы үшін кеңесіп пішу маңызды.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық» деген депутаттар ауқымды жобаның әзірлігін бастап кеткен. «Ауқымды» деуіміз бекер емес. Елде бұған дейін бірде-бір қалаға дәл осындай мәртебе, еркіндік берілмеген. Қала дербес қаржылық модельмен жұмыс істейді, салықты өзі реттейді, инвесторларға өзі жағдай жасайды. Ал тұрғындары ұшатын таксимен  жүреді. Енді Алматыға келген туристер әуедегі көлікке мініп, Алатау, Медеу, Қапшағайға 10 минутта ұшып бара алады.

ҚҰДАЙБЕРГЕН БЕКСҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Уақытында Астанаға келді ғой осында. Көп адам біресе былай, біресе былай деді. Қазір қандай Астана? Келешекте біздің Алатау сити тура сондай орталық болады.

Мұндай идея бұрын елде болмағанымен, әлемдік тәжірибеде кездеседі. Соңғы 10 жылда Алатау секілді мыңнан астам арнайы экономикалық аймақ құрылған. Қытайдың Хайнань аймақтары, Оңтүстік Кореядағы Седжон қаласы, Сингапур, Дубай және Доха сияқты ірі орталықтар кезінде бүгін біз айтып отқан «ерекше режимнен» бастаған. Бірақ бәрі дәл осылай сәтті аяқталды деуге келмейді. 60 проценті сәтсіздікке ұшыраған. Үкімет осыған қарамастан үлкен тәуекелге бел буды.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.Заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылды.

Бұл қала не үшін керек? Бір сөзбен айтқанда, Алатау – ақша. Басқа шаһарлар сияқты жай өмір сүретін жер емес, экономиканы жылдам дамытып, жаңа жүйелерді сынайтын аймақ. Қысқасы, эксперимент алаңы. Ерекшелігі сонда, мұнда әкім болмайды. Бас атқарушы директор басқарады. Яғни, жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Сондықтан болар, ішкі мәселенің барлығын өздері реттейді. Мәселен, қазір Астана да, Алматы да Үкіметке қарайды. Кей мәселелер заңмен ғана реттеледі. Былайша айтқанда ережені орындайды. Ал, Алатау сол ережені өздері жасайды.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қаланы басқару жүйесі басқа болады. Қаражат бақылауда болады. Инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге қолайлы жағдай туатын болады.

Қазірдің өзінде Алатауда 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба дайын. Олар 30 мыңға жуық жұмыс орнын ашуы тиіс. Сарапшылар 2050 жылға қарай қаланың экономикасы 50 миллиард доллардан асады дейді. Яғни, алдағы 25 жылда бұл шаһар өңірлік қана емес, халықаралық деңгейдегі орталыққа айналуы тиіс.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Алатау бұл - мүлде басқа қала. Шаһар бизнеске жол ашып, инвестиция тартуға бағытталған. Қазірдің өзінде ол жаққа америкалық ірі инвесторлар барып, көрген. Қызығушылық танытып отыр. Сол үшін жедел шешім қабылдау қажет. Барлық мәселені кешіктірмей шешу қажет.

Алатау — үлкен үміт пен тәуекелдің қосындысы. Бір жағынан, жаңа басқару үлгісін сынап көруге мүмкіндік. Ал екінші жағынан, алда сәтсіз жобалардың тағдырын қайталамау міндеті тұр. Әзірге қағаз жүзінде бәрі мінсіз. Іске келгенде де ілкімді болсын деген ниет бар.