$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанға эфиопиялық кофе экспортталуы мүмкін

21.03.2026ж. 09:17
Қазақстанға эфиопиялық кофе экспортталуы мүмкін
Фото: pexels.com

Қазақстанның Эфиопиядағы елшісі Жалғас Әділбаев әлемдік нарыққа кофе экспорттау бойынша Эфиопиядағы жетекші компаниялардың бірі — «Хадид Трейдинг» басшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстанға кофе экспортын дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Қазақстандық дипломат соңғы жылдары Қазақстанда кофе индустриясының белсенді дамып келе жатқанына сұхбаттасушылардың назарын аударды. Осыған байланысты сапалы кофе жеткізетін жаңа серіктестерге, соның ішінде Эфиопиядан келетін өнімдерге деген сұраныс артып отыр.

Сонымен қатар, елші Қазақстан тек кофені тұтынушы ғана емес, сонымен бірге эфиопиялық кофені көршілес Орталық Азия елдеріне, Ресей мен Батыс Қытайға экспорттауға арналған хабқа айнала алатынын атап өтті.

— Қазақ дипломаты Қазақстан мен Эфиопия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін барлық алғышарттардың бар екенін айтты. Бұл, ең алдымен, елдегі тұрақты саяси жағдай және барлық көршілес мемлекеттермен бейбіт әрі тату көршілік қарым-қатынас. Оған қоса, ол Қазақстанның ішкі саяси жаңғыру мен экономикалық дамудың жаңа кезеңін бастан өткеріп жатқанын, оның аясында негізгі басымдық цифрлық трансформацияға және Қазақстан азаматтары қызметінің барлық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталғанын атап өтті, — делінген хабарламада.

Келіссөздердің жалғасында компания Бас директорының орынбасары А.Халифа елшіге компанияның қызметі туралы ақпарат беріп, Қазақстанға кофе экспортын дамытуға мүдделілік танытты.

Кездесу соңында Қазақстан елшісі компания өнімімен және халықаралық нарықтарға экспорттау үшін сапалы кофені іріктейтін зертханалық сараптама инфрақұрылымымен танысты.