Қазақ халқы үшін ұлттық тағамдар тек мерекелік дастарқанмен шектелмейді. Қазы, қымыз, құрт, бауырсақ сияқты дәстүрлі өнімдер күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Бүгінде бұл гастрономиялық мәдениет біртіндеп ел шекарасынан асып, Қазақстанның экспорттық әлеуетінің маңызды бағыттарының біріне айналып келеді.
QazTrade сарапшыларының бағалауынша, жүйелі қолдау көрсетілген жағдайда 2028 жылға қарай қазақстандық ұлттық тағамдардың экспорты 50–80 млн АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.
Негізгі нарықтар – Ресей мен Қытай
Қазақстанның ұлттық өнімдері үшін негізгі сыртқы нарықтардың бірі – Ресей мен Қытай. Бұл елдерде 2 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Осы фактор дәстүрлі тағамдарға тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр.
Ресей нарығында әсіресе құрт пен қымыз кеңінен танымал.
Ал Қытайда, әсіресе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, 10 миллионнан астам мұсылман тұрады. Бұл өңірде халал өнімдерге тұрақты сұраныс бар. Мұнда ет деликатестеріне деген қызығушылық та артып келеді. QazTrade дерегіне сәйкес, бүгінде әлемдік халал ет пен деликатестер нарығының көлемі шамамен 2,1 триллион долларды құрайды және жыл сайын шамамен 7 пайызға өсіп келеді.
Дәстүрлі сүт өнімдерінің экспорты өсіп келеді
Қазақстанның дәстүрлі сүт өнімдерінің экспорты соңғы жылдары тұрақты түрде артып отыр.
Мәселен, қымыз, шұбат және айран кіретін өнімдердің экспорты 2024 жылы – 13,4 млн доллар, ал 2025 жылы – 17,3 млн доллар болды. Яғни өсім 29,4 пайызды құрады.
Қымызды экспорттаудағы негізгі қиындық – оның сақтау мерзімінің қысқалығы. Табиғи салқындатылған қымыз небәрі 3–5 күн ғана сақталады, сондықтан оны алыс нарықтарға жеткізу оңай емес. Өнім басқа елге жеткенше өз қасиетін жоғалтып алуы мүмкін.
Сондықтан қазіргі таңда өндірушілер мен технологтар бұл мәселенің түрлі шешімдерін іздестіріп жатыр. Соның бірі – 30 күнге дейін сақталатын пастерленген қымыз, сондай-ақ лиофилизацияланған қымыз ұнтағы, яғни құрғақ саумал. Мұндай өнімдер қазірдің өзінде Қытайға экспортталып жатыр, алайда көлемі әзірге көп емес.
«Көшпелі гастрономия» – жаңа экспорттық бренд
Соңғы уақытта «көшпелі гастрономия» деп аталатын бағыт жиі айтылып жүр. Бұл – табиғи ет және сүт өнімдеріне негізделген дала мәдениетінің асханасы.
Осы бағыттың аясында Қазақстанның дәстүрлі тағамдары шетелдік нарықтарда біртіндеп өз орнын таба бастады. Қазақ халқы үшін күнделікті өмірдің бір бөлігі саналатын бұл тағамдар шетелдік тұтынушылар үшін жаңа гастрономиялық жаңалыққа айналуда.
«Әлемде функционалды тағамдар мен суперфудтарға сұраныс артып келеді. Ал қазақтың дәстүрлі рационы бұл қажеттілікті толық қанағаттандыра алады. Мәселен, құрт – пайдалы микроэлементтердің көзі, ал тары мен талқан сауда миссиялары мен халықаралық көрмелер кезінде шетелдік тұтынушылар арасында барған сайын танылып келеді.
Дәстүрлі дала тағамдары шетелдегі қазақ мейрамханалары мен кофеханалар желісі арқылы да жақсы сатылуда. Мысалы, тары қосылған капучино – бір жағынан «ұнтақталған дала кофесі» іспетті сусын – бүгінде АҚШ-та да пайда бола бастады. Бұл – қарапайым, қолжетімді әрі пайдалы өнім», – дейді QazTrade бас директоры Айтмұхамед Алдажаров.