$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан студенттері 30-дан астам инновациялық IT-жоба ұсынды

21.03.2026ж. 23:43
Қазақстан студенттері 30-дан астам инновациялық IT-жоба ұсынды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері денсаулық сақтау, білім беру, инклюзивті орта, мәдениет, экология, социология және робототехника салаларында 30-дан астам цифрлық шешімдерін ұсынды.

AI-Sana бағдарламасы мен Digital Nauryz тұжырымдамасы аясында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «ENU AI-Sana EXPO — 2.0» атты студенттердің инновациялық IT-жобаларының ІІ республикалық көрмесі өтті. Көрме барысында Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері денсаулық сақтау, білім беру, инклюзивті орта, мәдениет, экология, социология және робототехника салаларында 30-дан астам цифрлық шешімдерін ұсынды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Арай Уразова, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ЕҰУ цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова, сондай-ақ ғалымдар мен студенттер қатысты.

Вице-министр Динара Щеглова құттықтау сөзінде өткен жылғы ENU AI-Sana EXPO көрмесіндегі көптеген жобалар үкіметтік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бүгінде табыс әкеліп отырғанын айтты.

— Сіздер жобаларды тек университет үшін ғана емес, экономиканың түрлі салалары үшін жүзеге асырып, олардың дамуына үлес қосып отырсыздар. Бұл — ел болашағына қосқан үлестеріңіз. Бүгін бұл стартап болуы мүмкін, бірақ дәл осылай ірі жобалар пайда болып, кейін трансұлттық компанияларға айналады. Сіздерге инновациялық әрі креативті идеялар тілеймін, — деді ол студенттерге.


Көрмеде Еуразия ұлттық университеті, Тұран-Астана университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті студенттерінің жобалары ұсынылды.

Көрме қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік жобаларды анықтап, олардың авторларын дипломмен және Lenovo және Platonus компанияларының бағалы сыйлықтарымен марапаттады.

Үздік жобалардың бірі — ЕҰУ студенттері Арман Ляйлиев пен Жания Жұмал әзірлеген жоба болды. Олар компьютерлік көру технологиясы арқылы қоқыс ағынындағы пластик заттарды анықтайтын жүйе жасап шығарды. Модель камерадан алынған бейнелерді талдап, нақты уақыт режимінде пластиктің бар-жоғын анықтайды және RIC жүйесі бойынша сұрыптауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ернұр Жолаушының жасанды интеллект негізінде қазақ тіліндегі қолжазба мәтінді тану жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Автордың айтуынша, жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қолжазбаларды жоғары дәлдікпен танитын веб-сервис әзірленген.