$541.34 €640.73 ₽6.53
×

VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін ел жақын арада жарияланады

23.03.2026ж. 14:22
VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін ел жақын арада жарияланады
Фото: Кабар

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының VII кезеңі өтетін ел 1–2 ай ішінде анықталмақ.

Бұл туралы Қырғызстанның Биринчи радиосында тікелей эфирде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары хатшылығының басшысы Нұрсұлтан Әденов айтты.

Оның сөзінше, VII ойындар басқа елде өткізіледі. Қазіргі кезде 3–4 мемлекет ойындарды өз аумағында өткізуге ниет білдіріп отырған көрінеді.

— VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына бес ай қалды. 2025 жылы біз әлемнің 100 еліне шақыру жолдадық. Қазірге дейін шамамен 50 мемлекет ресми түрде қатысуын растады. Жалпы алғанда 90-нан астам елдің делегациясын қабылдаймыз деп отырмыз. Ұйымдастыру комитеті финалдық дайындық кезеңіне өтті. Күн жылыған кезде біз жөндеу және инфрақұрылымдық жұмыстарды бастаймыз. Дәстүр бойынша ойындардың «жүрегі» саналатын Қырчын шатқалында этнофестиваль ұйымдастырылады. Этнокөлiп концепциясы толық жаңартылып, комитет тарапынан бекітілді. Қазір режиссерлік топ, сәулетшілер мен құрылысшылар дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр және ауа райы мүмкіндік бергенде монтажға кіріседі. Этноқалашықтың ресми ашылуы 2 қыркүйекке жоспарланған, — деді Нұрсұлтан Әденов.

Сонымен қатар, VI ойындар үшін жаңа орындар пайдаланылмайды, барлық қажетті инфрақұрылым толық дайын екені айтылды.

— VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін жаңа локациялар пайдаланылмайды. Ыстықкөл облысындағы қолданыстағы инфрақұрылым толық дайын, сондықтан біз тек тексерілген алаңдарды қолдануды шештік. Мысалы, Чолпон-Ата қаласындағы ипподром, «Газпром» ФОК, «Рух Ордо» мәдени орталығы және Бостери ауылындағы «Номад» амфитеатры қолданылады, — деп нақтылады ол.

Сонымен қатар, Чолпон-Атадағы ипподромға жеңіл желпі жөндеу жұмыстары ғана жоспарланып отыр.