$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп келіссөздер аясында Иранға соққы беруді уақытша тоқтатты

24.03.2026ж. 00:21
Трамп келіссөздер аясында Иранға соққы беруді уақытша тоқтатты
Фото: Ақ үй

Иран инфрақұрылымына жасалуы мүмкін соққыларды уақытша тоқтату туралы шешім Вашингтон мен Тегеран арасындағы «өнімді келіссөздер» туралы мәлімдемелерден кейін қабылданды.

АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы екі күн ішінде АҚШ пен Иран арасында Таяу Шығыстағы қақтығысты «толық әрі түпкілікті реттеуге» бағытталған «өте жақсы және нәтижелі келіссөздер» өткенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, осы келіссөздердің мазмұны мен сипатын ескере отырып, Иранның энергетикалық нысандарына әскери соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыру туралы тапсырма берген.

— АҚШ пен Иран Таяу Шығыстағы қақтығысты толық әрі түпкілікті реттеу бойынша өте жақсы әрі нәтижелі келіссөздер жүргізді. Осы терең, мазмұнды және сындарлы диалогтың сипатын ескере отырып, әрі келіссөздер алдағы аптада жалғасатынын назарға алып, мен Ирандағы электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырдым, — деді Д. Трамп.

Ал Иран бұқаралық ақпарат құралдары Трамппен тікелей де, жанама да байланыс болмағанын айтып, оның «шегінгенін» мәлімдеді.

Иранның Fars ақпарат агенттігі белгісіз дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ президентімен «делдалдар арқылы да» ешқандай байланыс болмағанын хабарлады.

Айта кетейік, Иран билігі әзірге Трамптың мәлімдемесіне ресми түрде пікір білдірген жоқ.