$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Енді алимент өндіру жеңілдейді

26.03.2026ж. 12:09
Енді алимент өндіру жеңілдейді
Фото: pixabay.com

Сенат депутаттары 1993 жылғы 22 қаңтардағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы Конвенцияға енгізілетін өзгерістерді ратификациялады.

Заңның мақсаты – Конвенцияға қатысушы мемлекеттердегі кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Осыған байланысты балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары келісуші тараптардың аумағында танылып, мәжбүрлеп орындалуға жататын шешімдер тізбесіне енгізіледі.

Сенатор Евгений Больгерттің айтуынша, хаттама бірнеше өзгерісті көздейді. Конвенцияның қолданылу аясы енді тек сот шешімдеріне ғана емес, сот бұйрықтарына да таралады. Бұл кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды, соның ішінде алимент өндіру істерін қарауды жеңілдетіп, жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар басқа келісуші тараптардың аумағында мәжбүрлеп орындалуға жататын шешімдер тізімі сот бұйрықтарын қосу есебінен кеңейтіледі.

Бұдан бөлек, Конвенцияның 53-бабы сот шешімдерімен қатар сот бұйрықтарын да мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беру тәртібін айқындайтын нормалармен толықтырылады.

Сондай-ақ мұндай өтінішке қоса тіркелетін құжаттар тізбесі кеңейтіліп, мәжбүрлеп орындатуға рұқсат беруден бас тарту негіздері нақтыланады. Сенатордың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне шетел соттарының шешімдерін тану және орындау туралы 102 өтініш түскен. Оның 94-і қанағаттандырылып, 8 өтініш бойынша бас тартылған.

Өз кезегінде осы кезеңде Қазақстаннан 169 өтініш жолданған. Оның 153-і қанағаттандырылып, 16-сы кері қайтарылған.

2025 жылы барлығы 12 өтініш келіп түскен: оның 11-і Өзбекстан Республикасынан, біреуі Әзербайжан Республикасынан. Барлық материалдар тану және кейінгі орындау мәселелерін қарау үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жолданған.

Хаттаманы ратификациялау трансшекаралық жағдайларда сот бұйрықтарын орындау кезінде туындайтын құқықтық олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді, алимент өндірудің тиімділігін арттырады, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін неғұрлым пәрменді қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ баланың құқықтарын қорғауды жүйелі түрде қамтамасыз етіп отырған мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық беделін нығайтады, – деп түйіндеді сенатор.