ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарындағы тамақтану талаптарына өзгерістер енгізілді.
Құжатта негізгі ұғымдар нақтыланып, мектептерде тамақтануды ұйымдастыру тәртібі қайта қаралды. Соған сәйкес медицина қызметкерлерінің міндеттері де өзгертілді.
Енді медицина қызметкері:
- дұрыс тамақтану қағидаларын енгізіп, оның сақталуын қадағалайды;
- тағам сапасын бақылау комиссиясының жұмысына қатысады;
- тағам таратылар алдында ас дайындайтын жерде дайын астың сапасын күн сайын тексеріп, нәтижесін журналға тіркейді;
- ерекше тағамды қажет ететін оқушылардың тізімін жасап, олардың тамақтануын бақылауда ұстайды;
- оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерге аурудың алдын алу және салауатты өмір салты туралы дәрістер мен семинарлар өткізеді;
- мәзір өзгерген жағдайда тағамның мөлшерін, құрамын және қуаттылығын қадағалайды;
- асхана қызметкерлерінің денсаулығын апта сайын тексереді.
Құжатта балалардың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруға ерекше мән берілген. Осы мақсатта мектептерде тәрбиелік және түсіндіру шаралары жүргізіледі.
Атап айтқанда:
- оқушыларға дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салты туралы түсінік беру үшін денсаулық бұрыштарын ұйымдастыру;
- дұрыс тамақтану және оның денсаулыққа әсері туралы плакаттар, жадынамалар мен буклеттер әзірлеп, ілу және тарату;
- «Қауіпсіздік сабақтары» аясында жылына кемінде екі рет дұрыс тамақтануға арналған сынып сағаттарын өткізу;
- оқушылар мен олардың ата-аналарына тамақтану әдебі, тағамның пайдасы мен зияны туралы түсіндіру;
- дұрыс тамақтануды насихаттайтын байқаулар мен акциялар ұйымдастыру;
- «Дұрыс тамақтану апталығын» өткізу;
- мектеп асханаларында тағамға қосымша тұз қоспау арқылы тұз тұтынуды азайту (ас үстелдерінен тұз салғыштарды алып тастау);
- оқушылар мен ата-аналарға дұрыс тамақтану туралы ақпаратты мессенджерлер арқылы тарату.
Сонымен қатар мектеп асханалары мен тамақтану орындарында сатылатын азық-түлікке қойылатын талаптар да жаңартылды.
Бұдан бөлек, құжатта білім беру ұйымдарындағы тамақтану нормалары белгіленген.
Бұйрық 2026 жылғы 31 наурыздан бастап күшіне енеді.