$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Өскеменде бес өнердің басын біріктірген дода өтті

Өскеменде бес өнердің басын біріктірген дода өтті

Алтай мен Арқаның өнері Өскеменде бетпе-бет келді. «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен республикалық командалық айтыста екі аймақтың ең үздік 20 өнерпазы бақ сынады. Бір емес, бес бірдей ұлттық өнер түрін тоғыстырған жоба бұл жолы Шығыс жұртшылығын ерекше сілкінтті.

Мұнда ақынның сөзі ғана емес, күйшінің саусағы, термешінің дауысы мен жыршының қуаты да командалық есепке жазылады. Сүре мен түре айтыстан бөлек, ұмыт бола бастаған «өтірік өлең» мен «қайым айтыс» жанрлары қайта тірілді. Жоба авторы Аманжол Әлтайдың айтуынша, бұл формат дәстүрлі өнерді заманауи трендке бейімдеудің тиімді жолы.

СЕРІК ҚҰСАНБАЕВ, ШҚО КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН:

Мына қазақтың кең сахарасында бір облыстан бір облысқа ақырын жылжып бара жатқан ұлы өнердің керуенін елестетеді көз алдыңызға. Олай дейтін себебіміз, бұрынғы айтыстар жиылып алып бір жеті-сегіз ақынды шақырып қоя беретін, бұл жолғы айтыстың орны бөлек, жөні бөлек, жобасы бөлек.

Сахнадағы тартыс оңай болған жоқ. Шығыстың командасын айтыс ардагері Серік Құсанбаев бастап шықса, Қарағанды намысын Айтбай Жұмағұловтың тобы қорғады. 10 адамнан құралған ұжымдардың әр қимылы қатаң бақыланды. Ал жобаның әділ өтуін Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы қадағалады. Өңір басшылығы мұндай ауқымды жобаның Өскеменде өтуі аймақтың мәдени имиджіне тікелей әсер ететінін алға тартты.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қара қылды қақ жаратын қазылар алқасында мін жоқ. Бұл жерде барлық мәселе өнер көрсететін, сахнаға шығатын азаматтардвң өзіне байланысты. Өткен аламандар биылғы жылға қатысатын үміткерлерді үміттендіріп, алға ұмтылдырып, біраз жағдайлар жасады.

Өскемендегі тартысты дода өнерсүйер қауымға ұзақ уақыт азық болары анық. Жеңімпаз команда енді келесі кезеңде бақ сынайды.