$541.34 €640.73 ₽6.53
×

10 000 теңгелік банкноталардың айналым мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды

26.03.2026ж. 23:21
10 000 теңгелік банкноталардың айналым мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды
Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін бір жылға 2027 жылғы маусымға дейін ұзартты.

Бұл шешім Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынысын ескере отырып қабылданып отыр және ескі үлгідегі банкноталарды есеп айырысу кезінде қосымша бір жыл ішінде пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ оларды жаңа үлгідегі банкноталарға кезең-кезеңмен ауыстыруды көздейді.

— Ұлттық банк «Сақ стилі» сериясымен шығарылған жаңа банкноталарды кезең-кезеңімен шығаруды жалғастырып жатыр, оның аясында ескі үлгідегі банкноталарды жаңасына рет-ретімен ауыстыруды қамтамасыз ететін айналымда қатар жүру механизмі қолданылады. Ол кезең аяқталған соң барлық банк пен Қазпошта ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға тағы 3 жыл бойы, ал Ұлттық банктің филиалдары — мерзімсіз айырбастайтынын атап өтеміз, — делінген банк хабарламасында.

Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар айналымда қатар жүрген кезеңде заңды төлем құралы болып қала береді, олар елдің бүкіл аумағында белгіленген құнына сай барлық төлем мен аударым түрлерін жүзеге асыруға, банк шоттарына аудару үшін қабылдануға жатады.