Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
-Екінші оқылымға дайындау барысында Бірлескен комиссия Парламент депутаттары мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарап, жан-жақты талқылады. Депутаттардың түзетулері бойынша заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкес келтірілді. Құжаттың атауы енді «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» ҚР Конституциялық Заңы болып өзгертілді, - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Оның айтуынша, Алатау қаласының даму перспективасын ескере отырып, арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелерін қала маңындағы аймақта да қолдану мүмкіндігі нақтыланды. Мұнымен қоса, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары мен инвестициялық ынталандыру шараларын айқындайтын «Алатау қаласының басым салалары», «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат» және «салық преференциясы» сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл ретте бизнес-лицензия резиденттерге Алатау қаласының аумағында қызметін жүзеге асыру құқығын бере отырып, осындай қызметті жүзеге асырудың түрлері мен шарттарын айқындайды. Инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақты болуы үшін «қаржылық орнықтылық» және ашықтық қағидаттары күшейтілді.
-Цифрлық бастапқылық қағидатын жетілдіру мақсатында депутаттардың түзетулерімен қала шаруашылығы салаларының, яғни абаттандырудың, инженерлік, көліктік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық деректері бірыңғай цифрлық платформада болады деп бекітілді, -деді депутат.
Алатауда инвесторлар құқықтарының қорғалуы күшейтілді
Конституциялық заң аясында кәсіпкерлер мен инвесторлар құқықтарының қорғалуын күшейтуге ерекше назар аударылды. Бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуді тек қана Бас прокуратура органдарының жүргізе алатыны туралы норма енгізілді. Бұл іскерлік ортаның тұрақты әрі болжамды болуына қосымша кепілдік береді.
-Қазақстан Республикасының негізгі аумағында, оның ішінде өндірістік-өткізу тізбектерінің жекелеген элементтерін қалаға көшіру есебінен бизнесті қолдау үшін салық преференцияларын пайдалану мүмкіндігін болғызбайтын түзетулер егжей-тегжейлі пысықталып, бекітілді. Бұл ретте біз экономикалық аймақтар жұмыс істейтін үздік халықаралық тәжірибелерді (соның ішінде Шэньчжэнь сияқты Қытайдың арнайы экономикалық аймақтарының тәжірибесіне) негізге алдық, - деді Н. Сабильянов.
Бұдан бөлек, депутаттар бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге қатысты түзетулер енгізді. Енді Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсынылатын жыл сайынғы есептерінің құрамына Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджет қаражаты бойынша бюджеттің атқарылуы туралы есебі енгізілетін болады. Сондай-ақ, әкімшіліктің бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті интернет-ресурстарда жариялап отырудың міндетті болуы қарастырылды.
Сонымен қатар, әкімшіліктің және әкімшілікті басқарудың жоғарғы алқалы органы ретіндегі Кеңестің құқықтық жағдайы нақтыланды. Алатаудың арнаулы құқықтық режимінің негізгі мәселелері бойынша шешімдерді Кеңестің қабылдайтыны туралы қағидат та ұсынылды.
-Депутаттардың түзетулерінде Әкімшіліктің лауазымды адамдарының (бас атқарушы директор мен әкімшілік қызметшілерінің), сондай-ақ Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларының өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігін енгізу көзделді. Сонымен қатар, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының басшысы - депутат Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев халықтың жүріп-тұруы шектелген топтарының қала ішінде еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасауға қатысты түзетулер енгізді. Сондай-ақ, ол сәулет және қала құрылысы қызметін реттеу кезінде инклюзивті әрі жайлы орта қалыптастыру үшін универсалды дизайнды қолдануды да ұсынады. Заң жобасын жетілдіруге қатысты басқа да ұсыныстар қарастырылды, - деді депутат.