Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты UFC файтері Шавкат Рахмоновтың әйелін Гүлайым Рахмонованы бес жылға соттады. Бұл іс абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан жол ережесі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қаралды.
«2025 жылы 27 шілдеде сағат 8:30 шамасында ол Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолында «Toyota Land Cruiser» маркалы көлікті басқарып келе жатқан. Шаршаған күйдегі ол жол ережесін бұзып, көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Артынша оның көлігі аударылған. Апат салдарынан 2 адам қаза тапқан», - деп хабарлайды сот.
Айта кетейік, қаза болған бір әйел Гүлайым Рахмонованың әпкесі болса, екіншісі құрбысы болған. Сотта құрбысының әкесі де, өзінің жездесі де Гүлайымды кешірген.
«Прокурор оны 7 жылға дейін автокөлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдыруды сұрады. Сотта Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамаған», - деп хабарлайды сот.
Сот тараптарды тыңдап, іс материалдары мен дәлелдерді қарай отырып, Гүлайым Рахмонованы жол апатына кінәлі деп тапты.
Айыпталушының 2-9 жас аралығындағы 4 баласы бар. Сот мұны істі жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын жайттар анықталмаған.
Сот үкімімен Р. ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі бойынша жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.