Батыс Қазақстан облысында күннің жылынуына байланысты Жайықтың салалары Шаған мен Деркөл өзендерінде су деңгейі көтерілген. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов айтты.
Шаған өзеніндегі су деңгейі Бәйтерек ауданы Чувашин ауылы тұсында 520 (тәуліктік өсім — 32 см, қауіпті шегі — 1 300 см), Мичуринде 263 сантиметрге (+53, 1 100 см) жеткен.
Сол секілді Деркөлде Тасқалада 443 (+20, 530 см), Бәйтерек ауданы Зеленый елді мекенінде 304 (+50, 450 см), Белесте 406 сантиметр (+91, 700 см) болды.
Сондай-ақ Бәйтерек ауданында Быковка өзені Құрманғазы ауылында 668 сантиметрге (+18, 850 см) жетті.
Тасқала ауданында осыған дейін көтерілген 1-Шежін және 2-Шежін өзендерінің қарқыны бәсеңдей бастады. Қазіргі сәтте 1-Шежін гидробекетінде су деңгейі 451 (-7, 680 см), 2-Шежінде 756 (-6, 820 см) сантиметрді көрсетіп тұр.
Облыстың бас өзені — Жайықтағы су деңгейі кейбір гидробекеттерде сәл жоғарылағанымен, бірқатарында аздап төмендеген. Айталық, Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында 295 (+9, 1 000 см), Орал қаласында 132 сантиметр (-2, 850 см) болып тұр.
Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайыққа бұрынғыша секундына 139 текше метр су жіберіліп жатыр.