Аппараттық-бағдарламалық кешен қазіргі уақытта пилоттық режимде Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде іске қосылған, деп хабарлайды ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында құқықтық тәртіп әскерінде қолға алынған жаңа пилоттық жоба сарбаздардың күнделікті тамақтану сапасын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге, асхана жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Аппараттық-бағдарламалық кешен қазіргі уақытта пилоттық режимде Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде іске қосылған. Жобаның басты ерекшелігі - сарбаздарға асханадағы тағам сапасын электронды жүйе арқылы жедел бағалауға мүмкіндік беруі. Арнайы панель арқылы берілген бағалар бірден азық-түлік жеткізуші мен басшылыққа ұсынылады.
Биылғы тамыз айына дейін жүйенің тиімділігі сараланып, оның нәтижесіне қарай өзге бөлімдерге енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
- Бұл жүйе бізге өз пікірімізді еркін айтуға мүмкіндік береді. Қандай тағам ұнады, қайсысы ұнамады - бәрін бірден бағалай аламыз. Соның арқасында асханадағы тамақ сапасы да жақсарып келеді, - деді 5573 әскери бөлімінің сарбазы кіші сержант Нұралы Жазит.