Қалың қар еріп, автожолдарды су шайды. Өзендер деңгейі көтерілді. Мамандар қазір ел аумағында 300ге жуық елдімекенді әлі қауіп бар деп отыр. Су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Аймақтардағы ахуалды әріптестерім айтады.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Төтенше жағдай мамандары әу баста биыл еріген қар суынан қауіп туындауы мүмкін деп болжаған болатын. Айтқандары дәл келген сыңайлы. Тайынша ауданындағы Көкшетау-Омбы тас жолын су шәйіп кетті. Шамамен 200 метр аралықты су басқан. Абырой болғанда, жолда тұралап қалған көліктер жоқ. Қазір табиғи апат орнында 11 техника жұмылдырылып, жолдың жиегін көтеріп жатыр. Жалпы сала мамандарының айтуынша, еріген қар суынан 60 ауылға қауіп төніп тұр.
ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД ХАБАРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Облыс бойынша 112 елді мекен бақылауға алынған. Оның жартысы еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. Апаттың алдын алу үшін құзырлы органдар ол жерде құмды бөгеттер жасап, жолдың астынан су өткізетін ірі құбырларды орнатқан. Жалпы, әзірге жағдай тұрақты.
Қызылжар өңірінде биылғы көктем ерекше жылы. Күн күрт жылынып, сынап бағанасы 15 градусқа дейін көтерілді. Салдарынан қар тез еріп жатыр. Ал топырақтың екі метрге дейін қатып қалғанын ескерсек, еріген қар суының далаға жайылуы ғажап емес.
ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РКМ СҚОФ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Күн жылынып жатқандықтан өзен бетіндегі мұздар еріп жатыр. Бірақ су деңгейінің көтерілуі байқалып жатқан жоқ. Сергеев су қоймасы 96 пайызға толық. Әзірге су бөгет үстінен ағып жатқан жоқ. Шат өзенінде ғана аздаған өзгеріс бар. Бір тәуліктің ішінде онда су 50 см-ге көтерілген.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Қазір тасқынның алдын алу үшін теріскейге қосымша күштер тартыла бастады. Дәл осындай жағдай еліміз батыс өңірлерінде де байқалып жатыр. Еркін, су басқан жолдар қалпына келтірілді ме?
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Абзал, Ақжайық атырабында да күн күрт жылынып, өзендерде су деңгейі көтерілді. Өңірде он жолды су басты. Бүгін Теректі ауданында Төңкеріс ауылына кіреберіс жолды қар суы шайып кеткен.
Екі жыл бұрынғы тасқыннан қорқып қалған жұрт қазір су басқан аумақты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жаппай жариялап жатыр. Дегенмен төтеншеліктер бұдан ешкімнің зардап шекпегенін айтады. Су басқан жердің бәрі дереу қалпына келтіріліп, көлік қозғалысы қайта жанданған.
НҰРАЛЫ МУСИЕВ, БҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Облыс аумағында 19 пайыз жерде қар сақталуда. Сол жаңағы сай-салаларда қалғна қар. Қардың биіктігі 2 сантиметрден аспайды. Тоңның қатуы қазіргі таңда 30-40 сантиметрдің айналасында. Өзендерде мұз орнында еруде. Даладан келетін еріген судың қатты күші болмағандықтан, мұз қозғалысы жоқ қазіргі таңда. Мұз орнында еріп жатыр.
Облыста 30 гидрологиялық бекет бар. Солардың дерегіне сүйенген мамандар мұз қабаты былтырғыдан қалың болса да, өзендерден аса бір қауіп жоқ дейді. Сондықтан жағдай бақылауда дейді.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір Орынбор облысындағы Иректі суқоймасынан Жайық өзеніне секундына 139 текше метр су жіберіліп жатыр. Келер аптадан бастап бұл мөлшер екі еседей қысқарады. Мамандар қазір ел аумағында 200-ден астам елдімекенді ерекше бақылауға алған. Су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ол туралы әріптесім Бекболат Сатуов айтады.
БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Рақмет Еркін, оңтүстік өңірлерде қауіп сейілген, бірақ тоқмейілсуге болмайды. Солтүстік пен батыстағы ахуал әлі тұрақты емес. Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратынша, қауіпті саналған 272 елдімекенге ауық-ауық мониторинг жасалуда. Күні-түні бақылауға алынған.
Абай облысында 6 жеке тұрғын үйді су басқан. Бұған ауа райының күрт жылынуы себеп болыпты. Қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді жауаптылар. Ал, автожолдарды су шаю қаупін сейлітуге қатысты әуе бақылауы қолға алынған.
ӘСЕТ ЖЫЛҚАЙДАРОВ, ҚР ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Автожолдарда барлығы 22 судың тасуы және 1 аудандық жолды су шаю фактісі тіркелді . Қазіргі уақытта 5 жағдай бақылауда. Жағдайды бағалау үшін үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Еліміздің 13 өңірінде 196 елді мекенді қамти отырып 29 әуе бақылауы жүргізілді.
Павлодар облысының Шиқылдақ ауылына да су басу қаупі төнген. Мамандар ауылға барар жолды бұзуға мәжбүр болыпты. Себебі, еріген қар суы жиналып, елді-мекенді шайып кете жаздаған. Айта кетейік, ауылда 500-ден астам тұрғын бар. Ал жол қатынасы үзілмес үшін арнайы айналма жол салынған.
ГҮЛНӘР ЕҢСЕБАЕВА, ШИҚЫЛДАҚ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Төтенше жағдай мамандары, полиция, жергілікті атқарушы орган өкілдері күні түні кезекшілік жасауда. Арнайы техникалар мен тасқынға қарсы құрал жабдықтар дайындалды. Су тасқыны қатаң бақылауға алынды. Бастысы ауылды су басу қаупі сейілді.
Министрлік су тасқынына байланысты жедел әрекет ету тобын жасақтаған. Онда 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам бірлік техника, 4 мыңнан астам су сору құралдары мен 700 жүзу жабдығы дайын тұр.
БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Алдағы күндері нағыз көктем келеді.Ауа температурасы кей жерлерде +30-ға дейін көтеріледі дейді синоптиктер. Сондықтан жауаптылар қауіпті аймақтарда күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жалпы елімізде су тасқынына қарсы іс-шаралардың 92 %-ы орындалған.